26.09.2022, 10:15
Оқылды: 49

Жетіжылдық жетістік

Қазақстандағы электрлік машина жасау саласында көшбасшы «Alageum Electric» холдингтік компаниясының Ақ Жайық өңірінде Орал трансформатор зауытын іске қосқанына жеті жылдың жүзі болды.  Қыркүйектің соңғы аптасында аталып өтетін Машина жасаушылар күні қарсаңында жергілікті кәсіпорынның даму динамикасы, қазіргі жай-күйі нешік деген сауалдарға жауап іздеп, өндіріс ошағында болып қайттық. 

1 трансформатор

Оралдық кәсіпорын Кентау трансформатор зауытының жартығасырлық жұмыс тәжірибесін іс жүзінде жалғастырып отыр. Сонымен қатар әлемдегі электртехникалық жабдықтар өндірісінің озық технологиясын игеріп қана қоймай, оның жаңа өзіндік қолтаңбасын айшықтап өндіріске енгізіп жүр.  Компания қажет болғанда жабдықтарды өзі жобалайды, өндіреді және өндірістік құрал-жабдықтарды жеткізіп береді, сервистік қызмет те көрсетеді.  Бір сөзбен түйіндесек, әмбебап, сан қырлы өндіріс.

Қазіргі уақытта серіктес-тік электр энергетика нарығында  қуаты 6, 10, 20 кВ-дан 2500 кВа-ға дейінгі құрғақ және майлы трансформатордың 13 түрімен, түрлі қосалқы стансаларымен жақсы таныс. Зауыт ашылғалы бері 46 863, былтыр 10 551 трансформатор өндірілді. Компанияның басты байлығы – білім-білігі мол мамандар мен еңбекқор жұмысшылары. Ұжымдағылар қуатты үнемдейтін инновациялық өнімдерді сапалы өндіретін өнді-рісші боламыз деген корпоративтік мақсат-мүдде жолында жұдырықтай жұмылған. Осындай әлеуеті мықты кәсіп-орындағылар іргедегі жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы тапсырыстарын да сапалы әрі уақтылы орындауда.

– Зауыт негізінде ТМД елдерінде баламасы жоқ панельдік радиаторлар өндірісі ашылды. Радиаторлар трансформаторлардың қызып кетпеуін реттейді. Бүгінде ТМН 4000/35, ТТН 10000/35, ТРДН 80000/110, АОМЖ 16000/35 үлкен күштік трансформаторлар құрастырылуда. Өнімнің 6 түрінің 5-6 партиясын Кентау трансформатор зауытына,  5 түрін Орта Азиядағы үлкен зауыт «Аsia Trafo» ЖШС-ға жөнелттік. Жақында Өзбекстандағы «ТОШ» электр зауытынан да өнімдерімізге тапсырыс түсті. Ол компания –  біздің кәсіпорыннан радиаторларды тұрақты алушылардың бірі. Радиаторларымызды Ресей, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан елдеріне экспортқа шығарудамыз. Соғыс басталғанға дейін Украина да оралдық өнімді алып тұрды,  – деді аталмыш зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Нұрдилла Усманов.

Өндіріс жөніндегі директордың айтуынша, өндірілген өнімнің 97%-ы экспортқа, қалған 3%-ы  Қазақстанның батыс өңіріндегі төрт облысқа кетеді. Еліміздің өзге өңірлерін Кентаудағы кәсіпорын өз электр өнімдерімен  қамтиды. Биыл қыркүйек айында Петропавловск қаласында «ПЭТЗ» электртехникалық зауыт ашылғаны мәлім. Жаңа өндіріс орнының өнімдері еліміздің солтүстігіне, одан әрі Ресейге шығарылады. Сондықтан оралдық өндірісшінің өнімдері өтпей қалуы мүмкін-ау деген көпшіліктің көкейіндегі күдікті сейілткеніміз жөн. Жергілікті компания облыс орталығының жаңа шағынаудандарын қосалқы стансалармен қамтамасыз етуде. Жеке кәсіпкерлік, бизнес нысандары өздеріне қажетті трансформаторларды өндірушіден тікелей алады. «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы» компаниясынан да, Ресейден де тапсырыс түседі. Жоғары кернеулі электр қуатын тасымалдайтын желілерге арналған «БМЗ» деп аталатын үлкен қосалқы стансалар арнайы тапсырыспен құрастырылады. Өндіріс ошағындағы сынақ орталығы трансформаторлар мен олардың тораптарын сынаудың технологиялық үрдісін механикаландыруға және аутоматтандыруға мүмкіндік бере-тін «A.M.E s.r.l.» компаниясы шығарған заманауи компьютерленген стендтермен жабдықталған. Бұл жабдықты пайдалану өнімді сынау уақытын қысқартуға, субъективті фактордың сынақ нәтижелеріне әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Трансформатор зауытында  350 адам тұрақты жұмыс істейді. Оның ішіндегі 50-і – инженер-техник, өзгесі жұмысшы мамандар. Зауыттың механикалық, орама (НЗУ),  алюминий сымдар жасау цехтары, одан бөлек бірнеше жинақтау (магнит жинап, катушка орнатылады, бірінде трансформаторлар құрастырылады, дайын трансформаторға май құйылады)  бөлімдері бар.   Бір-бірімен жалғасып жатқан цехтардың жұмысы қызып, қайнаған  еңбек алаңына айналған. «Step-lep» жүйесі бойынша трансформаторлық болатты кесу жұмыстары итальяндық «L.A.E.» компаниясының аутоматтандырылған TE-45, TO-25 және Швейцарияда жасалған TUBOLY ССС300 желілерінде жүзеге асырылады. Катушканы орау да асқан дәлдікпен жұмыс істейтін жоғары технологиялы жабдықтың көмегімен атқарылады. Шығарылған электр жабдықтары аутоматты «Officine Munari» желісіне батыру арқылы боялады.

Еңбек ұжымындағылардың орташа жасы 30-дың айналасы десек,  олардың  90%-ға жуығы – жастар.  Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы  250 мың теңге шамасында. Күнделікті істеген жұмыстарына қарай айлық жалақы шамасы 380-400 мың теңгеге дейін артып отырады. «Жұмысшылардың көпшілігі 70 пәтерлік жайлы жатақханада тұрады. Оларға жұмыс киімі тоқсан сайын беріледі. Бізде еңбек ететін адамдарға толықтай жағдай жасалды. Жұмыс ке-зіндегі үзілісте демалатын, жуынатын орындары, асхана, медпункт бар. Жігіттер асханадан   300 теңгеден түстік тамақ ішеді. «Дәмді» деп мақтайды. Ауырған жағдайда емдік шаралар бағасының 50%-ын компания өтейді. Сыйақы да беріліп тұрады. Еңбек адамдарын ынталандыру мақсатында жыл соңында 13-жалақы, яғни сыйақы беру дәстүрге айналған», – деді Нұрдилла Елесбекұлы.

Кәсіпорын жұмысқа қабылданған ынталы жастарды үйретіп, өзіне жұмысшы мамандарын даярлап алады. Бірақ токарь, слесарь мамандары әлі де тапшы. Серіктестік Жоғары инженерлік-технологиялық, Индустриалдық, Орал ақпараттық технологиялар, Жоғары аграрлық-техникалық колледждерімен, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттерімен әріптестік байланыс орнатқан. Студенттер зауытта өндірістік тағылымдамадан өтеді. 2021 жылы осы оқу орындарындағы машина жасау, энергетика саласының 8 түлегі жұмысқа қабылданды. Жаңадан жұмысқа келгендерге мастер, бригадирлер тәлімгерлікке бекітіледі. Мұның өзі көкөрім жастардың жұмысты жылдам меңгеріп,  өндірістік үрдістерге тереңірек үңілуіне септі-гін тигізеді. Өндірістік, еңбек қауіпсіздігі мәселелері  компания басшылығының, техникалық қауіпсіздікке жауапты екі маманның басты назарында.

Цехтарда күніне 40 трансформатор жиналады. Өткен жылы 10 млрд 551 млн теңгенің, биылғы 9 айдың қорытындысында 9 млрд 700 млн теңгенің өнімі өндірілді. Жылдың аяғына дейін зауыттағылар 14 млрд 500 млн теңгенің өнімін шығаруды жоспарлаған.

Әзірге отандық өнім өндірушінің өнімдерінің сапасына қатысты дау-дамай туындаған емес.

Бүгінде Ресей Федерациясындағы 12 дилермен ынтымақтаса жұмыс істейді. Барлық өнімінің сапасы мен қауіпсіздігі әлемдік стандарттарға сай келетін оралдық компания жаңа нарықтарды іздеуде. Ондай нарықтардың табылары хақ.

Хадиша Әбдиева, орау цехының жұмысшысы:

IMG-20220926-WA0005

– Зауытта 2018 жылдан бері жұмыс істеймін. Электр жабдықтарын монтаждау мамандығы бойынша оқығанмын. Кентау қаласынан маман ретінде шақыртты. Ұлым да осында жұмыс істейді. Жатақханада отбасымызбен тұрамыз. Немерелерім бар. Жалақымызға көңіліміз толады, мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Цехымыздың ішін көріп тұрсыз, тап-таза әрі жылы. Жұмысым өзіме ұнайды, сондықтан күнделікті тапсырмаларымды бар ынта-жігеріммен атқарамын.

Арман Жұмашев, дәнекерлеушілер бригадирі:

IMG-20220926-WA0004

– ІТ мамандығым бар, колледж, университет бітіргенмін. «Кәсіпорында жұмыс бар» дегенді естіп жұмысқа тұрдым, кейін кеткім келмей қалды. Жалақым 200-250 мың теңге шамасында, жұмыс көлеміне қарай өзгеріп отырады. Бригадада төрт жігіт бар. Алюминий бөлшектерді аргонмен дәнекерлейміз. Дәнекерлеу қызметіне дәлдік, мұқияттылық керек. Күнделікті жоспарымызды орындап жүрміз.

Гүлбаршын Әжігереева, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале