Бүгін Жәнібек ауданы орталығына теолог мамандардан құрылған облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы келіп, түсіндіру іс-шараларын жүргізді. Келушілерді аудандық «Кәусар» діни қоғамдық бірлестігінің теолог-маманы Ринат Кенжеғалиев қарсы алып, түсіндіру іс-шараларының өту барысына тікелей атсалысты. Ақпараттық топ мүшелерінің қатарында «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теологтары Бағдат Адайхан, Армат Қуан, «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің теолог-маманы Тоқтар Пендебаев, дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог-мамандары Міржақып Нұржанұлы және Фариза Молдағалиева бар.
Шара аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтан бастау алды. Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ляззат Абдолова, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Біржан Қуанәлиев, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев және кеңесші мамандар қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ляззат Айтқалиқызы келген теолог-мамандарға алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Есенболат қажы келушілерге түсіндіру жұмыстары барысында ескеретін дүниелерді айтып, өз тәжірбиесімен бөлісті. Өз кезегінде теолог-мамандар Бағдат Қанатұлы мен Тоқтар Ғалымұлы өздерінің мақсат міндеттерімен таныстырды. Жат діни ағым мүшелерінің үш деңгейге бөлінетінін ескертіп, олар туралы жалпы түсінік берді.
Келесі кезекте ақпараттық топ мүшелері аудандық мәдениет үйінде «Жалынды жастар – ұлт болашағы» тақырыбында жоғары сынып оқушылары, мектеп мұғалімдері және ауыл жастарымен кездесу өткізді. Кездесуде жат ағымдағы адамдарды сырт келбеті, сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысына қарай қалай ажыратуға болатынын түсіндірді. Олардың әр түрлі топтарға бөлінетінін ескертіп, діни тақырыпта сауалдары болса ғаламтор желісіне емес, дін мамандарына жолығу керектігін айтты. Сол сияқты Армат Құлымбекұлы LED-экран арқылы семинар-тренинг өткізді. Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты.
Сонымен қатар түсіндіру тобы аудандық полиция мен шекара бөлімдерінің қызметкерлеріне «Жат ағымның белгілері мен одан сақтану жолдары», аудандық мұсылмандар мешітінің ерлер жамағатына «Экстремизм мен терроризмнің қоғамдағы дерті», қыздар жамағатына «Ислам дінінің кемелдігі» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жат ағымға ерген жандарды жолықтырған жағдайда бірден теолог-мамандардың көмегіне жүгіну керектігін ескертті.
Түсіндіру жұмыстарын сәтті аяқтаған теолог-мамандар аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Әбдірешовамен бірге аудандық музей бөліміне барып, ауданымыздың терең тарихымен танысып шықты.
Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы