29.09.2022, 11:45
Оқылды: 46

Ел анасына айналған жан

Есімі күллі шығыс елдеріне мәшһүр көрнекті ақын, данышпан-ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Құт дарыған елдің адамы қандай?» деген сұраққа өзінің «Құтты білік» дастанында: «Құт-бақытқа кенелсем деп тор құрушылар көп. Бірақ ол қасиетті адамға ғана қонады. Құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, тілі майда, жігерлі болып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірім төксе, араз көңілді тыйып ұстаса, міне, осы қасиеттер құтты ұстаудың құлып-кісені», – деп жауап береді. Пәлсапалық шығармадағы осы сөздер Орал қаласында тұратын партия-кеңес қызметінің ардагері, өмір көшінде қанша қиындық көрсе де, беті қайтпаған, ұрпағына білімділігін, еңбекқорлығын дарытқан Мәрия Мәшімбаеваға қаратып айтылғандай көрінеді. Замандастары оның тау қопарып, тас жардым дейтіндей кеуде кермес естілігін, білімге құштарлығын, кесек тұлғасын, еліне деген ақ-адал қызметі мен ер-азаматқа бергісіз айналасына жасаған жақсылығын жыр қылып айтады. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған аяулы ана ортасына сыйлы, замандастары арасында беделі биік.

WhatsApp Image 2022-09-29 at 09.45.03

Мәрия Сақыпәліқызы Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданында 1942 жылы 1 қазанда жарық дүние есігін ашты. Әкесі мен үлкен ағасы Зинекеш Ұлы Отан соғысына қатысып, аман оралды. Зинекеш ағасы банк саласында, кіші ағасы Ғабдрахым зоотехник болып қызмет істеді. Анасы Жәмилә үй шаруасымен айналысты. Кезінде әкесі туралы аудандық, облыстық газеттерде мақалалар жарияланды. Ескіше сауаты бар, қолы шебер болатын. Соғыстан келгеннен кейін  артельде етікші болып жұмыс істеді. Ол аудандық кітапханадан тұрақты кітап алып оқитын, ауданның құрметті оқырманы атанған еді. Мәрия да әкесіне еліктеп кітап оқуға құштар болды. Орта мектепті үздік бітіріп, Орал педагогикалық институтына оқуға түседі. 1964 жылы филология факультетін үздік аяқтайды. Сол жылы әкесі дүниеден озып, осы жағдайға байланысты туған жеріне келіп, анасына көмегін тигізуге ұмтылды. Әке шаңырағында анасы, әлі аяқтанбаған сіңлісі мен інісі бар еді. Ал екі ағасы өздерінің бала-шағасымен бөлек тірлік кешіп жатты. Алдымен «Ақкөл» кеңшарындағы Көмекші негізгі білім ұясында екі жыл балаларды оқытты. Білімді, алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті бар жас маманды аудандағы басшылар бірден байқады. Кейін Фурманов аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Осы қызметте жүргенінде Мәскеудегі Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (БЛКЖО) жанындағы комсомол мектебіне жіберілді. Алты айлық оқудан келген соң «Талдықұдық» кеңшарында бас зоотехник болып қызмет ететін Пондас Жексенғалиевке тұрмысқа шықты. Отбасын қызметінен жоғары қойған Мәрия Сақыпәліқызы сол кеңшардағы орта мектепте жарты жылдай мұғалім болды. 1969 жылы жұбайы ауруға шалдығып, оны емдетуге Алматыға, Ресейдің іргедегі Саратов қаласына алып барды. Мәскеудегі ағзаларды ауыстыратын клиникалық орталыққа да қаратты. Сырқат жарының қасында болып, алты ай бақты. Ота жасалғаннан кейін ері 40 күн өмір сүрді. Бақиға көшкен жан жарының сүйегін Мәскеуден әкеп, Талдықұдық ауылына жерледі. Ол кезде ұлының жасы небары екіде болатын.  Асыл жарын өлімге қимай жылап, аһ ұрғанмен, тағдырдың жазуына кім қарсы тұра алады?

1970 жылы Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кенжебек Меңдәлиев Мәрия Сақыпәліқызына әкелік ақыл-кеңесін айтып, аудандық партия комитетіне насихат және үгіт бөліміне нұсқаушы қызметіне шақырады. Өзіне көрсетілген сенім үдесінен шығу үшін жастық жігермен қызмет қылды. Партия қай істі тапсырмасын әуелі ой елегінен өткізіп, әріптес аға-апаларымен кеңесетін. Екі жылдан кейін аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Сол кезде Жәлмешев Аманкелді есімді азаматқа тұрмысқа шықты, сәби сүйді. 1977 жылы Мәскеу қаласына Кеңес одағы коммунистік партиясының орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жолданды. Кеңес одағының астанасына отбасын бірге алып барып, екі жыл тұрды. Оқуға келгендер арасында жалғыз қазақ әйелі болғанын әлі күнге мақтанышпен айтады. Оқуды үздік оқып, қоғамдық тапсырмаларды да жауапкершілікпен орындайтын оған өзге одақтас республикалардан келгендер сүйсіне қарайтын. Елге келгеннен кейін бес жыл Жаңақала аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін қалтқысыз атқарды. Нәзік жанды мықты маман ел ағаларынан білмейтінін үйреніп, қай салада болмасын өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тастүйін қызмет ете білді. Білім-білігі мол маман қай жерге де тастай батып, судай сіңеді. 1983 жылы Зеленов аудандық атқару комитетінің төрайымы болып сайланады. Бірақ көп ұзамай ауруға шалдығып, Мәскеудегі обыр аурулары орталығында ота жасатады. Қайсар жан бұл қызметін 1986 жылға дейін абыроймен атқарды. Кейіпкеріміз қызмет бабымен өңірдегі үш ауданда жауапты қызметте болды. Ел игілігі жолында қандай шаруаларды тындырғанын емес, талай тамаша жандармен қызметтес болғанын мақтан етеді. «Жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді» демекші, жақсылардан үйренгені, көңіліне түйгені көп. Зеленов, Жаңақала аудандарын басқарған Николай Балбатов, Әділғазы Нұрғалиев сынды азаматтардан іскерлік, адамдармен тез тіл табысу дағдыларын өнеге еткені әлі есінде. Қызметте жүргенінде ешуақытта ешкімнен қатты сөз естімегенін айтады. Өмірде ылғи жақсы жандармен кезіктірген тағдырына шүкіршілік етеді.

– Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Виктор Подъяблонский, одан кейінгі төраға Михаил Усов та Мәскеуге барып қаралып тұруыма түсіністікпен қарады. Ол кездегі адамдар қайырымды, ілтипатты еді. Одан әрі қарай дәрігерлер денсаулығыма байланысты қызмет етуімді қоштамады. Облыстық партия комитетінің І хатшысы Мұстақым Ықсанов менің отамның дер кезінде жасалуына, одан кейін де қызмет істей беруіме жағдай жасады. «Қызметіңізді жалғастырыңыз, отбасыңыз бар, ешқандай қарсылығымыз жоқ», – деп әкелік қамқорлық танытты. Содан облыстық АХАЖ-дың (ЗАГС)  меңгерушісі болып 1997 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек еттім. Жүректен ота жасаттым, одан әрі қызмет етуге денсаулығым көтермеді. Ойлап отырсам,  мені комсомол, партия-кеңес қызметіне тартқан, жол нұсқаған қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиев марқұмның еңбегі зор. Ол кісі хатшы емес, әке ретінде  қамқорлық жасады. Өте алғыр, шыншыл, адамгершілігі мол, іскер адам еді. Менің өмірден дұрыс жол табуыма бағыт-бағдар көрсетті, – деп еске алды өткен өмірін Мәрия Сақыпәліқызы.

Ол әйел өміріндегі ең басты құндылық отбасы деп санайды. Ерлі-зайыптылар мен балалар арасында  өзара түсіністік, қолдау, қамқорлық болатын болса, онда отбасы бақыттың ұясына айналады. Партия-кеңес құрылымдарында 24 жыл қызмет ете жүріп, жұбайымен бірге алтын асықтай екі ұлын тәрбиеледі.  Екі баласы да Мәскеудегі И.Губкин атындағы мұнай-газ институтын бітірді. Тұңғышы Нұрболат – «КПО б. в.» компаниясында бөлім басшысы, жергілікті инвестор, «Green park» демалыс орнын салуда.

Екінші ұлы Айбар – өндіріс саласында қызметте. Екі ұлдан өрбіген немерелері бар. Бүгінде Мәрия Сақыпәліқызы шөбере уысынан су ішкен бақытты жан. Ол үйде отырса да, қоғамдық іс-шараларды, елдегі жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмайды. Үлкенді-кішілі жиындарда төбе көрсетпесе де, айналасындағы жастарға білгенін айтып, жөн сілтеп отырады. Жүрген жерінде Мемлекет басшысының Жолдауларын талдап, елдік мәселелерді насихаттап жүреді. Бүгінде ел анасына айналған жанға мықты денсаулық тілеп, ұрпағының қызығын көре беруіне тілекшіміз.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале