28 қыркүйек күні инстаграм желісінде ресейлік экоблогер Алексей Сибирскийдің қиын кезде құшақ жая қарсы алған қазақ еліне деген ризашылығымды Жайық өзенінің жағасын тазалап беру арқылы көрсеткім келеді деген бейнежазасы тарады. Оны соғыстан қашқан Ресей азаматтары мен жергілікті тұрғындар қолдады. Белгіленген уақытта бастамашыл топ Алексей көрсеткен орынға жиылып, өзен жағасын тазалауға кірісті.
Екі жылдан бері осындай игі іспен айналысып жүрген ресейлік жігіт осы кезге дейін талай елді аралап, біраз өзен-көл жағасын қоқыстан тазартыпты. Қоқыс жинауды күнделікті жұмысына айналдырған блогер Таиланд пен Қытай елінде болған кездерінде жабайы аралдар мен иесіз жағажайларды тазартуға атсалысқан. Одан бөлек, ағаш отырғызу акцияларын да жиі ұйымдастырып тұрады екен.
-Басымызға іс түскенде қазақ жұртының алына келдік. Бізді жатсынбай қарсы алған елге деген ризашылығымыз шексіз. Мұндай сәтте жай ғана сөзбен рахмет айта салу жеткіліксіз. Сол себепті жүректен шыққан алғыс сөзімізді ісімізбен де көрсеткіміз келді. Жалпы жер барша адамзатқа ортақ, сондықтан оның тазалығына әрқайсысымыз жауаптымыз,-дейді Алексей Сибирский.
Экоблогер өз бастамасын көп адам қолдайды деп ойламаған. Әрі кетсе 5-7 адам келеді деген ойда болған ол 30-дан астам ерікті келгенін көргенде қуанышын жасыра алмапты. Бірер күнде Алматы қаласына жол жүргелі отырған Алексей Қазақстан аумағында эко-тур жасауды жоспарлап отыр.
Жерлесінің бастамасына қолдау білдіріп, қазаққа деген ризашылығын іспен көрсетсем деген жандардың бірі – Антон. Тольятти қаласынан келген ол да көршіміз бастаған түсініксіз соғысқа бармаудың жолы осы деп елімізге табан тіреген.
-Менің Қазақстанға келудегі мақсатым айтпасам да түсінікті. Бірнеше күн жолда жүріп, біраз уақытты шекарадан өтуге жұмсадық. Осындай қиын сәтте қол ұшын созған оралдықтардың ауызбіршілгі мен мейірімділігі таң қалдырды. Қолымнан келсе көмек көрсеткен әр адамға жеке-жеке рахмет айтуға дайынмын. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті барлық қазаққа ортақ шаһар маңын тазалауға атсалысып жатырмын,-деді Антон.
Алексей Сибирский бұл бастама бір реттік акция емес екенін айтады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz