3.10.2022, 10:31
Оқылды: 70

Қаламгер атындағы көше

Орал қаласының Зашаған кентіндегі Ілбішін көшесіне ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының аты берілді. Осыған байланысты өткен жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров, жазушының жары Сұлуханым Ілиясова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары, айтыскер ақын Талғат Мықи қатысты.

7

– Қайырлы күн, Зашаған кентінің тұрғындары! «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 14-бабы 4-тармақшасына сәйкес тұрғындардың пікірін ескере отырып және БҚО ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде осы көшенің атауы Қажығали Мұханбетқалиұлы көшесі болып өзгерді. Биылғы жылдың 22 маусымында қабылданған бұл шешімнің біз үшін маңызы зор. Еліне еңбегі сіңген ерлер үнемі жадымызда, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.

Еске салайық, көрнекті жазушы 1942 жылы 8 желтоқсанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген. 1965 жылы қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы және «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметін атқарған. 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған.

– Қадірлі жерлестер, сіздерге зор алғыс! Қажекең ел тарихын, Сырым Датұлының ерліктерін бүгінгі ұрпаққа еш бұрмалаусыз жеткізуге тырысты. Сіздер оны «Тар кезең» романынан білесіздер. Романда халық тағдырының таразыға түскен уақыты суреттеледі. Осы көшеге Қажекеңнің есімін беруге атсалысып, құрмет көрсетіп жатқан жандарға ризамын. «Тар кезең» деп жазған оның өзі «тар кезеңде», яғни пандемия уақытында келмеске кетті. Оның артында елі, шығармашылығымен сусындайтын қазақтың ұрпағы қалды, – деді Сұлуханым Фатихқызы көңілі босап.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген жазушының жарына оралдықтардың атынан кішігірім сыйлық табыс етті.

– Қажығали Мұханбетқалиұлымен жақын таныс едік. Ол кісі ғұмырының жиырма жылын даламыздың даңқты батыры Сырым бабамыздың өмірбаяндық деректерін және ерлік жолын зерттеуге, тәптіштеп жазуға арнады. Бірде неліктен осынша уақыт арнағанын ашық сұраған едім. Сонда маған Сырым Датұлы жайлы жазу үшін жай ғана аңыз-аян, әңгімелерді арқау етпей, анық-қанығын зерттеп жазуды жөн көретінін айтқан болатын. Сол себепті Сырым батыр жайында зерттеу жүргізу үшін Ресейдің Мәскеу, Орынбор қалаларына барып келген. Міне, Қажығали ағаның еліне адал қызмет атқарғанын осыдан білеміз. Ол кісі тұлғаның тарихын таза, бар қалпында жеткізуге тырысты. Елім деген ерлердің еңбегі елену керек, – дейді Мақсот Қабышұлы.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале