Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Оралдағы заманауи үлгідегі қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №16 кітапхана филиалы мен мәдени-ағарту бірлестігі және бірлестік жанындағы «Арай» community орталығының жұмысымен танысты. Алдымен өңір басшысы қолөнершілердің көрмесін аралап, бау-бақша өсіретін еңбек лагерін көрді.
- Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер бар. Асық, теннис, ән, би, қолөнер үйірмесі ашылды. Жақында орыс тілді оқушылар үшін қазақ тілін үйрететін үйірме жұмысын бастады. Болашақта өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді мақсат етіп отырмыз. Үйірмеге 7 мен 14 жас арасындағы балалар қатысады. Тағы бір пайдалы үйірменің бірі - «Smart» үйірмесі. Бұл үйірмеге зейнет жасындағы, телефон құрылғыларын жеткілікті деңгейде пайдалана білмейтін тұрғындар қатысып жүр. Түрлі қажетті бағдарламаларды қолдануды меңгерді. Олар енді интернеттегі және қоңырау шалатын алаяқтардан қалай сақтану керектігін жақсы біледі, - дейді «Арай» community орталығының меңгерушісі Райымбек Самигуллин.
Айта кетейік, мәдени-ағарту бірлестігінде барлығы 24 бөлімше қызмет атқаруда. Биыл мекемеге қарасты 11 аула клубы және 8 комьюнити орталық, 104 үйірме жұмыс жасауда. Бүгінде келуші саны 2 300-ден асқан. Жоғары да аталған үйірменің 84-і балалар үшін ашылған. Екі мыңға жуық бала үйірмелерге белсенді қатысып келеді.
- Мұндай орталықтар ауадай қажет. Қабілетті балалар өте көп. Біз жас өрендердің спортқа деген талпынысына, шығармашылық дарынына баса назар аударсақ жөн болар еді. Мектептен тыс уақытта оқушылар қолөнермен қатар шығармашылықпен де айналысып, қандай салаға икемдері бар екендігін біле алады. Балалар үшін олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Бүгінде орталықтардың санын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бірақ мемлекеттің ғана қаражатына қарап отырмай, кәсіпкерлермен бірлесе жұмыстануды қолға алуымыз керек деді, - облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Динара Насыр,
Суретке түсірген: Гүлмира Сәрсенғали,
zhaikpress.kz