Қайырымдылық айы аясында Теректі ауданы Подстепный ауылдық округінде өңіріміздің өркендеу жолында өнімді еңбек етіп, бүгінде бейнеттерінің зейнетін көріп жатқан құрметті еңбек демалысындағы қариялар бас қосты.
Кездесуге қатысқан аудан әкімі Тілек Габдушев:
— Біз, қариясын құрметтеген, үлкенін сыйлаған елміз. Бүгінгі таңда ауданымызда бір Ұлы Отан соғысы, 235 тыл ардагері және 5333 зейнет жасындағы қарттарымыз бар. Ауданымыз күннен-күнге көз алдымызда дамып келеді. Әр сала бойынша көптеген шаруалар жүзеге асып, көш ілгері келе жатырмыз, - деп ауданның тыныс-тіршілігінен сыр шертті.
Жиынға қатысқан отызға жуық жандардың арасында мерейлі жасқа толған азаматтар да ұмыт қалмады. 80 жас мерейлі тойын тойлаған Ерболат Қапсенұлы мен 70-ке жеткен Закария Хайдарұлына құттықтау хат пен естелік сыйлық табысталды.
Одан әрі мерекелік дастархан жайылып, қазыналы қариялардың ақжарма тілектері тыңдалды. Жарқын жүздесуді мәдениет үйі қызметкерлері өнерлерімен әспеттеді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz