6 қазан күні Қошанкөл ауылдық округінде аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері Президент Жолдауын талқылады. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов Жолдаудағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Ол өз сөзінде саяси құжатта айқындалған басымдықтар еліміздің даму бағдарын айқындайтындығын жеткізді.
- Біз үлкен саяси науқан қарсаңында тұрмыз. Президентіміздің кезекті халыққа жолдауында елімізді дамытудың басымдықтары нақтыланды. Олардың қатарында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысы қазіргі геосаяси тұрақсыздық орын алған уақыттағы ұтымды, саяси шешім деп білемін. Сайлау өтті-кетті форматта өтпеуі керек. Оған еліміздің әр азаматы үлкен жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын жасауы қажет. Себебі, мемлекетіміздің дамуы үшін әр азаматтың дауыс беруі маңызды. Бұл ел тағдырын шешетұғын саяси науқан. Сондықтан қалыс қалмауымыз керек,- деді Жүсіп Ғабдылханұлы.
Келелі жиында ардагерлер елімізде, ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстарды тілге тиек етіп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Бекарыс Әбіш,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz