10.10.2022, 17:01
Оқылды: 47

Мал ұрлағандар қатаң жазаланады

«Мал – баққанға бітеді» дегендей, төрт түлік малдың қадір-қасиетін білетіндерге оны өсірудің машақаты жақсы мәлім. Алайда, сол жазғы-қысқы бағымын қадағалап, азық-суын сайлап, тұратын орнын жайлап, күтіп отырған үй жануары табан астында қолды болып кетіп жататын жағдайлар да жоқ емес. Осыған орай Тасқала аудандық полияция бөлімі бастығының орынбасары Асылбек Каримовқа жүгінген едік.

1628573845_mal-rlyy

Фото дереккөзі: tolqyn.kz

Оның айтуынша, жыл басынан бері аудан аумағында мал ұрлығы бойынша төрт қылмыс орын алған. Ашылуы жүз пайыз, яғни бәрі де ашылған. Оның ішінде екеуі ауыр санатты болса, екеуі орташа санатта. «Қазірдің өзінде далалықта қараусыз жатқан мал көп. Бір күні күтусіз жүрген мал жоғалса, ұрланды деп дабыл қағып полиция қызметіне жүгінері шындық. Қазіргі уақытта малдарын қараусыз жіберген мал иелері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Жыл басынан бері аудан аумағында қараусыз жүрген малдар үшін 108 адамға хаттама толтырылып, оның 75 пайызына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Мал жаюды ұйымдастыру бойынша халықпен профилактикалық және түсіндіру іс-шаралары жүргізіліп отырады. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ветстанция қызметкерлерімен бірлесе жұмыстанудың нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабына сәйкес он адамға хаттама толтырылды. Жасалған қылмыстарға талдау көрсеткендей, көп жағдайда мал еркін жайылымнан ұрланады. Үй иелері жануарларды қараусыз шығарады. Қараусыз қалған мал ұрылардың жеміне айналумен қатар, жануарлар ауыл жолдарында апатқа ұшырау қаупін тудырады. Ұрлықтың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп, халықпен кездесулер өткізді. Олар ауыл, елді мекен тұрғындарын малдарын сырғалап, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет, малдарды жайылымға қараусыз жібермей, бақташыға бақтыруы қажеттілігі жайында хабардар еткен»,- дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асылбек Каримов.

Енді мал ұрлығын жасаған адамға кешірім жоқ. Бұрынғыдай мал иесінің кешірімін алып, заңды айналып өтуге болмайды. Мал ұрлығына қатысы бар адамдардың бәрі де жазаланып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Соған қоса бар мүлкі тәркіленіп, жәбірленушінің шығынын өтейді. Алайда мал иелері де ұрлықтың алдын алу үшін қырағы болып, малының жайылымда иесіз ұзақ жайылуына жол бермеуі керек. Уақтылы қадағалап, қарау үшін бақташымен келісіп, бағуды жолға қойса, олардың ұры көзіне түсіп, оңай олжаға кенелуіне жол бермес еді.

Болат Бек,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале