Жексенбі күні Орал қаласында «Aqjaiyq HaLf Marathon – 2022» атты облыстық марафон өтті. Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин қатысушыларға сәттілік тіледі.
Таңғы мезгілде жарысты тамашалау үшін П.Атоян атындағы стадионға жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Аталған облыстық марафонға Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалалары мен БҚО аудандарынан 650 спортшы қатысты. Олар 3 шақырым, 10,5 және 21,1 шақырым бойынша белгіленген мәре сызықтарын кесіп өтті. Жарыста жасы 16-дан асқан спортшылар бақтарын сынады. Көпшілік жүгіруден елуді еңсеріп, алпысты алқымдағандар да тыс қалмады.
Нұртуған Есмұратов 67 жаста болса да, әлі күнге дейін осындай жарыстарға тұрақты қатысатынын айтады. Жиырма жасынан бастап жүгірумен айналысып келе жатқан ол аталмыш марафонға 108-реттік нөмірімен қатысты.
– Бүгінгі облыстық іс-шараға Ақтөбе қаласынан келдім. Бұған дейін де бірнеше марафонда бағымды сынап, талай мәрте мәреге алғашқылардың бірі болып жеттім. Қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін. Жүгірудің адам өміріне пайдасы зор екені белгілі. Осы жасқа келгенше жүгіруді тоқтатпауымның басты себебі де сол, – дейді Нұртуған Уәлиұлы.
Айта кетейік, бұл бұқаралық спорт түрі төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Стадионнан басталған тартысты додада 3 шақырымға жүгіргендер А.Тайманов көшесінен оралса, 10,5 шақырымды бағындырғандар Пугачев көшесіне дейін бір айналым, 21,1 шақырым қашықтықта жүгіріп өткендер Пугачев көшесіне дейін екі айналым жасады.
Марафонның соңында мәре сызығын бірінші боп кесіп өткен жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Нәтижесінде 10,5 шақырым қашықтықта жүгіріп өткен әйелдер арасында Нұргүл Орынбасар (42 минут 52 секунд), ерлер арасында Ислам Аманқос (32 минут 14 секунд) абсолют жеңімпаз атанды. Сонымен қатар 21,1 шақырымға жүгіруден әйелдер арасында Екатерина Васильченка (1 сағат 23 минут 28 секунд), ерлер арасында Есенбол Айдарғазы (1 сағат 9 минут 35 секунд) ешкімге дес бермеді. Абсолют жеңімпаздар мен басқа жүлдегерлерге бағалы заттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
– Өзімді 10,5 шақырым қашықтықта сынап көрдім. Осы арақашықтықта 32 минут 14 секундта мәреге жеттім. Әрине, бұл бірінші жарысым емес. Жүгірумен кәсіби түрде айналысып келемін. Көп жарыста ауа райының қолайсыздығы әсер етіп жатады. Ал бүгін бәрі қалыпты деңгейде болды. Яғни ешқандай қиындықсыз жүгіріп өттік, – дейді Ислам Асылбекұлы.
Ал 133-реттік нөмірімен 21,1 шақырым қашықтықта қара ілестірмей, 1 сағат 9 минут 35 секундта мәреге жеткен Есенбол Айдарғазы – Қазақ спорт және туризм академиясының ІІ курс студенті. Ол осы жарысқа арнайы Алматы қаласынан келген.
– Оралға келіп, облыстық деңгейде өтіп жатқан марафонда өз рекордымды жаңарттым. Спорттың бұл түрінде жүгіретін жолдың тегіс болуы да маңызды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне жауапкершілікпен атсалысқан, спортшыларға жан-жақты жағдай жасаған ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Тағы бір ескертетін жайт, қатысушылар қатарында алпысты алқымдаған қариялардың да болғанына қуандым. Олар өз денсаулықтарын ойлап қана қоймай, өскелең ұрпақтың спортқа деген құштарлығын оятуда, – деді жеңімпаз.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz