Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың және «Халық қаһарманы» Х.Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Батыстың батыр қыздары» атты облыстық ақындар айтысы мәреге жетті.
Бөкей даласын қиқуға бөлеген айтыстың кіл мықтысының кім мықтысы анықталды. Бірінші кезеңде сөз қағыстырған алты жұптың озық шыққандары екінші кезеңде Құлмамбет айтыста бақ сынады. Сонымен, ІІІ орынды Данияр Нысанғалиев пен Жарқынбек Шынтаев, ІІ орынды Бауыржан Ширмеденұлы мен Әділ Ахметов иеленді. Бауыржан Халиолла бастаған қазылар алқасы бас жүлдеге екі бірдей ақынды лайық деп тапты.
- Мұрадым Мирланов көрерменнің қошеметіне бөленіп, өнерімен баурап алды. Талғат Мықи да әдемі айтыс жасады. Тағдыры тоғайлас Жәнібек пен Бөкей ордасын ажыратпай, екі ақынды да бас жүлдеге лайық деп танып отырмыз, - деді қазылар алқасының төрағасы.
Ауданның мәрт азаматтары, жерлес ақын Талғат Мықи мен Жансая Мусинаның шәкірті, жас ақын Бекзат Баянға тұлпар мінгізді.
Естеріңізге сала кетсек, аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додада бас жүлде Талғат Мықи мен Мұрадым Мирлановқа бұйырды.
Сонымен қатар айтыскер ақын Талғат Мықиға туған жері, аудан халқы атынан шапан жауып, астына ат мінгізді.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz