Қазан айының 9-10-ы күндері «Атамекен» өнер ордасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымовтың әндерін орындаушылардың III халықаралық «Ақ Жайық – ару мекенім» атты ән байқауы өтті.
Композитордың 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Үміткерлерге әділ бағасын берген қазылардың қатарында Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, профессор Серікжан Әбдінұров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Қалдаяқов, Құрмет орденінің иегері Айгүл Қосанова, ҚР Мәдениет қайраткері, Ақтөбе саз колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Еркін Нұрымбетов және Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Жаскелең Ғайсағалиев болды. Қазылар алқасына Донеділ Қажымов төрағалық етті. Байқауға Қостанай, Астана, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары мен Ресей Федерациясының атынан 21 үміткер қатысты. Олар Донеділ Қажымовтың «Орал, әнім сенсің шалқыған», «Ақ Жайық – ару мекенім», «Айлы түн», «Ақ Жайық», «Жайық жағалаулары», «Жауап бер маған», «Екеуміз», «Жеңешем», «Сағыныш көктем» және «Туған елім» сияқты әндерін шырқады. Қазақ вальсінің королі атанған атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың ұлы, қазылар алқасының мүшесі Мұхтар Қалдаяқов қатысушылардың тыңғылықты дайындығына көңілі толғанын жеткізді.
– Алдымен қонақжайлық танытып жатқан Ақ Жайық жұртына ризамын. Мен араға 20 жыл салып, Орал қаласына екінші рет келіп отырмын. Байқау жайлы айтар болсам, әр үміткердің әнді орындау деңгейі әртүрлі. Әрине, арасында қобалжып қалғандары да жоқ емес. Дегенмен тынымсыз дайындықпен келген қатысушыларды көріп қуандым. Көбінің дауысынан жастық жігер байқалды. Сонымен қатар олардың ән орындаудан бөлек, сахна мәдениетіне көңіл бөлгені, сахнада өздерін ұстауы ұнады. Осының бәрі – еңбек пен табандылықтың жемісі. Сондықтан кейінгі жастарға үнемі бабыңызда болыңыз деймін. Қандай байқау болмасын, бірінші кезекте үздіксіз дайындықты талап етеді, – деді Мұхтар Шәмшіұлы.
«Ақ Жайық – ару мекенім» атты ІІІ халықаралық ән байқауының қорытынды кешіне келген облыс әкімі Ғали Есқалиев қазақтың ән өнеріне өз үлесін қосып жүрген Донеділ Ізмағамбетұлына алғысын білдіріп, иығына шапан жапты.
– Қайырлы кеш, қадірлі қонақтар және қала тұрғындары! Бүгінгі кешке жиналуымыздың басты себептерінің бірі – Донеділ Ізмағамбетұлының 70 жасқа толуы. Мен ағамызбен 25-30 жыл уақыт бұрын таныстым. Ол кісі сол кездердегідей әлі де жас көрінеді. Ағамыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі – кішіпейілдігі. Өзінің жазған әндерін кәсіби деңгейде орындап, елдің жүрегінен орын алып жүрген нағыз өнер иесі көп емес. Абырой биігінде асқақ тұрған Донеділ ағамызды осындай сирек дарынның бірі деп есептеймін. Шығармашылық еңбегіне табыс тілеймін, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Одан кейін Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров әнші-композитор Донеділ Қажымовқа құттықтау хатын табыстады.
Донеділ Қажымовтың әндерін орындаушылардың III халықаралық «Ақ Жайық – ару мекенім» атты ән байқауының бас жүлдесі – 700 000 теңге ақшалай сыйлықты Астана қаласының атынан қатысқан Армат Амандықов иеленді. Өнер додасында батысқазақстандық Тарас Жауынбаев І орын (500 000 теңге) алды. ІІ орынға жайғасқан ақтөбелік Нұртас Омаров пен маңғыстаулық Серіжан Масжановтың әрқайсысы 300 000 теңгемен марапатталды. Ал ІІІ орын Ерхат Жақашев (Маңғыстау облысы), Мұрат Ахметов (Батыс Қазақстан облысы) және Бақтоты Какимоваға (Атырау облысы) бұйырды. Облыс атынан қатысқан квартет – Райымбек Каримов, Аслан Боранбаев, Әсем Гайнулина, Шынар Каюпова «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Барлық қатысушыға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Осы орайда байқаудың биылғы жеңімпазы Армат Амандықов өзінің қуанышымен бөлісті.
– Әкем өнер адамы, яки термеші болғандықтан, мен де жастайымнан ән-термеге әуес боп өстім. 2013 жылы Астана қаласында республикалық деңгейде өнер көрсетіп, одан кейін Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық байқаудан ІІ орын алған едім. Шығармашылық жолда жүргесін, кез келген жеңіс қанаттандырып, биікке жол ашатындай. Үшінші рет ұйымдастырылған халықаралық байқауда Донеділ Қажымовтың «Жауап бер» және «Қайыңды аруы» деген әндерін орындадым. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына рақмет, – деді бас жүлде иегері.
Облысымыздың атынан қатысқан, І орынды иеленген Тарас Жауынбаев І айналымда «Сағыныш сазын», ІІ айналымда «Жайықтың жағалаулары» әндерін шырқаған.
– Байқау халықаралық деңгейде өткесін, орындаушылардың осал болмайтыны анық. Сахнада өнер көрсеткендердің көбі кәсіби бағытта жұмыстанып жүргендер. Шығармашылығым туралы айтсам, жиырмаға жуық авторлық әнім бар. Қазіргі таңда Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп жүрмін, – деді Тарас Тілекқабылұлы.
Кеш соңында халқының қалаулысы болған Донеділ Ізмағамбетұлы елге, қатысушыларға және атсалысқан барша азаматқа алғыс айтып, ақ тілегін арнады.
– Осы екі күнге созылған байқаудың нәтижесі де белгілі болды. Бұрын төрт-бес әннің төңірегінен аса алмайтындарды жиі байқайтынбыз. Бүгінде жастардың ізденгені, еңбектенгені білініп әрі қуантып тұр. Кештің сәнін кіргізген құрметті қонақтарға ризамын! Қазақтың ән-жыры жасай берсін, – деді Донеділ Ізмағамбетұлы.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz