13.10.2022, 16:30
Оқылды: 109

«Қандастар» орталығы ашылды

Биылғы тоғыз ай ішінде өңірімізге келіп, қандас мәртебесін алуға 113 адам  өтініш білдірген. Оның 109-ы Ресей Федерациясынан болса, қалған төртеуі Өзбекстан Республикасынан келіпті. 

111

Фото дереккөзі: egemen.kz

Тарихи Отанына оралған қазақтар үшін қандас мәртебесін алғанға дейін уақытша баспана табу – өзекті мәселе. Соған байланысты Орал қаласында «Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығы» ашылды. Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлген қаражатқа ашылған  «Қандастар» орталығына Ресей елінен келген жеті қазақ орналасты. Аталған басқарманың басшысы Исатай Мыңбаевтың айтуынша, жаңа орталықта  заңгер, психолог, аудармашы сынды мамандар бар екен. Олар елге келген қазақтардың құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдеседі.

– Қазіргі кезде этникалық қазақтарды жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылуда. Одан бөлек, шеттен келген азаматтарға қазақ тілі курстары оқытылады. Жалпы бұл жерде 20 төсек-орын бар. Бір сөзбен айтар болсақ,  елге келгендер азаматтық алғанға дейін  осы жерде тұрады және оларға заң шеңберінде құқықтық көмек көрсетіледі, – дейді Исатай Мыңбаев. Осы жерге орналасқан қандастардың бірі – Фархад Мұқанов Мәскеуден келген. Ол көрші елдегі саяси жағдайға мойынсұнғысы келмейді. Фархат қазақ тілінде еркін сөйлейді. Болашақта азаматтық алып, ата-баба топырағында қалғысы келеді. «Қазір азаматтық алуға құжат тапсырдым. Барлығы ойдағыдай болған соң Мәскеудегі оқуымды аяқтап, елге оралғым келеді. Қазақ елінің дамуына өз үлесімді қосамын», – дейді Фархад Мұқанов.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале