Өңір басшысы Ғали Есқалиев Қаратөбе ауданына қарасты Сулыкөл ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында аудан әкімінің баяндамасын тыңдап, жергілікті халықтың пікіріне құлақ асты.
Облыс орталығынан келген лауазымды тұлғалар мен жергілікті билік өкілдері және ауыл халқы алдында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев баяндама жасады.
Аудан басшысы Қ.Орынбасарұлының айтуынша, Сулыкөл ауылдық округінде халық саны 2 011 адам, округ аумағының құрамына 4 елді мекен кіреді. Ауылдық округтің жер көлемі 167 459 га, ауылшаруашылық бағытында 68 219 га жер бар. Босалқы жер қоры 71 518 га құрайды.
Биылғы жылдың есепті кезеңінде ауылдық округ бойынша ірі қара – 9 940 бас, оның ішінде аналығы – 4060, қой мен ешкі – 21 812, жылқы – 5083 басты құраған. Мал басының саны мемлекеттік қолдаулардың арқасында жыл сайын көбейіп келеді. 2020-2022 жылдары 95,7 млн. теңге көлемінде субсидия 27 шаруа қожалыққа төленіпті.
Бау-бақша, көкөніс өсірумен айналысып жүрген «Жанбағ» шаруа қожалығы биыл 2 га жерге тамшылатып суару әдісімен бақша дақылын егіп, 48,2 тонна өнім алды.
Бұның сыртында, биылғы жылы осы Сулыкөл ауылының бес тұрғынына Қалдығайты өзені жағасынан бақша егуге 5 гектар жер берілген. Тамшылатып суару әдісімен бақша дақылын егіп, барлығы 120 тонна бақша өнімін алды.
Сулыкөл ауылдық округі бойынша 57 жеке кәсіпкер тіркеліп, 36 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы округтің 1 тұрғыны Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында 1 млн. 225 мың теңге көлемінде грант алған.
– Пайдаланылмай отырған жер телімдері иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 7 шаруа қожалығы 27 518 га жер телімін толығымен, 5 шаруа қожалығының жартылай бөліктерін 3 310 га және сот шешімі бойынша 1 шаруа қожалығының 1 600 га жері толығымен барлығы 32 428 га жер телімі мемлекетке қайтарылды.
Сонымен қатар аудан шаруашылықтары мал шаруашылығымен бірге егіс шаруашылығын да қолға алуда. 2022 жылы ауданымыз бойынша барлығы 1 070 га арпа, тары, бір жылдық шөптер егілсе, өткен жылмен салыстырғанда 2,25 пайызға артты.
Күні бүгінде ауылдық округтегі өзекті мәселелердің бірі жол мәселесі, атап айтқанда, Сулыкөл ауылынан, Соналы-Үшағаш ауылына дейін 14 шақырым және Үшағаш ауылынан «Жымпиты-Қаратөбе» тас жолына дейін 13 шақырым аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу болып отыр. Аудан әкімінің есеп беру кездесуінде бұл мәселе ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүр.
Бұл бағытта аудан әкімдігі тарапынан аудандық бюджет қаражаты арқылы техникалық құжаттама жасақталды, қазіргі таңда құжаттама Ұлттық сапа орталығымен сараптамадан өткізілуде. Бұл мәселе ауданның кешенді даму жоспарына 2024 жылға енгізілді, - деді аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы.
Аудан әкімі Сулыкөл ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен таныстырған соң сөз алған облыс басшысы Ғали Есқалиев өңіріміз жалпы мал шаруашылығымен айналысатындығын, соның ішінде Қаратөбе ауданы атакәсіпті қарқынды дамытып келе жатқанына тоқталды.
– Сулыкөл округі - аудандағы іргелі округтің бірі. Керемет мәдениет үйлеріңіз бар, мешіт үйі салынып жатыр. Ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтіп жатқанда іссапармен келіп танысып кеткенмін. Шәкірттердің білім алуына қолайлы жағдай жасалған мектептеріңізде бала саны көбейсе деген тілек бар. Округтеріңіздің мал шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға, сонымен қатар бақша өнімдерін егумен айналысуға әлеуеті жоғары екендігін көріп отырмыз. Еңбек етемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржының көлемін көбейтпекпіз, - деген облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы кездесуге қатысушы тұрғындардың сауалдары болса жолдап, ашық диалог құруға шақырды.
Тұрғындармен кездесуде мінберге көтерілген ауыл ақсақалы Бітімәлі Құрманәлиев аудан орталығымен қатынасатын 27 шақырым жол жөнделсе және балабақша мен ауылдық округ әкімшілігі бірге орналасқан ғимарат күрделі жөндеуден өтсе деген тілегін айтты. Сулыкөл ауылының тұрғыны Гүлзат Мырзағалиева ауылдық дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу қажеттігі мен жедел жәрдем көлігі керек екендігін айтса, Төлен ауылының тұрғыны Мәди Тастаев ауылында электр бағандарының тозғандығы мен қыс мезгілінде жол қатынасының қиындығын тілге тиек етті.
Округ тұрғындарының мәселелерін мұқият тыңдаған облыс басшысы Ғ.Есқалиев жол салу мен электр желілерін жаңарту мәселелері бойынша өңірімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар округ орталығындағы күрделі жөндеуді қажет ететін мекемелерді жөндеу мен жедел жәрдем көлігін алып беру мүмкіндіктері қарастырылатындығын атап өтті.
Сулыкөлдегі ауыл халқымен кездесуден соң облыс әкімі Ғали Есқалиев жеке мәселелерімен жолыққан округ тұрғындарына қабылдау жүргізді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz