13 қазан күні Казталов ауданы орталығында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жас өнерпаздардың сахна төрінде басы қосылып, өнерсүйер қауымға таланттарын паш етті. Киелі ордада «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қайырымдылық айлығы шеңберінде, Балалар жылы аясында мүгедектігі бар балалар арасында облыстық шығармашылық фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Аудандық додада 16 талант иесі «Көркемсөз оқу», «Эстрадалық вокал», «Би» және «Үздік жасампаз» жанрлары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде «Көркемсөз оқу» жанры бойынша Гүлім Қуанышбек, «Эстрадалық вокал» жанры бойынша Ақерке Бақытова, «Би» жанрында Алиман Төлеген және қолөнер бұйымдарымен, суреттерімен көрерменді таңдай қақтырған Жанерке Серікбай «Үздік жасампаз» жанры бойынша облыстық кезеңге жолдама алды.
Қатысушылардың өнеріне Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Бақытжамал Базарғалиқызы, аудандық мәдениет үйінің мәдени шара ұйымдастырушысы Нәрік Алмасұлы, «Жақсылық жаса - Твори добро» ҚБ төрайымы Меңсұлу Каримоллақызы және аудандық мәдениет үйінің хореографы Ерназар Ізбасарұлы қазылық етті.
Байқауға қатысушылар арнайы дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz