15.10.2022, 13:27
Оқылды: 60

Ғали Есқалиев: "Сырым ауданы - елімізді ет өнімдерімен қамтып отырған аудан"

Кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына келіп, Бұлдырты ауылдық округінде халықпен кездесу өткізді.

IMG-20221014-WA0078

Мемлекет басшысының жаңа қаулысына сай, қоғамды одан әрі демократияландыру, елдегі реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында әкімдер халықпен жиі жүздесуге міндеттенді. Соның ішінде, аудан әкімдері тұрғындармен тоқсан сайын кездесіп, ал облыс басшысы жарты жыл сайын елге есеп беруі тиіс.

IMG-20221014-WA0072

Ғали Есқалиев сырымдықтармен жылдың басында Жымпитыда жүздескен еді. Сол жиында көтерілген мәселелердің орындалуы жөнінде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев шолу жасады:

Жиыннан кейін іс-шаралар жоспары жасақталып, 16 мәселе негізге алынды. Оның 7-еуі орындалу барысында.

Атап айтсақ, Бұлан және Жамбыл ауылдарына ауыз су тарту бойынша құрылыс жұмыстары мамыр айында басталды. Жоба құны – 699,7 млн. Қазір ауылішілік құбырлар салынуда. Жылдың аяғына дейін қос ауылға ұялы байланыс және мобильді интернет қосылады. Алғабас, Аралтөбе, Жосалы, Қособа, Жымпиты, Сарой және Шолақаңқаты ауылдық округтері мобильді интернеттің 4G сапасына көшті.

Бұлдырты ауылында да ел күткен игілік – дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жымпиты ауылында бұралқы иттерді аулау мен биозарарсыздандыру жалғасуда. 134 бас ит пен мысық зарарсыздандырылып, 241 бас жойылды. Аудандық орталық аурухананың ғимаратын жөндеу, жедел медициналық жәрдем көліктерін жаңарту мәселелері шешімін таппай отыр, – деді аудан әкімі.

Өңір басшысы Сырым ауданының алдына Самара – Шымкент халықаралық тас жолын бизнесті дамытудың мүмкіндігі ретінде пайдалану тапсырмасын қойып отыр. Қазіргі таңда «Бұлан» шаруа қожалығы Жымпитыда жол бойынан сервистік қызмет көрсететін кемпинг құрылысын бастады. Жоба құны – 600 млн теңге.

Облыстағы жергілікті өнім көлемін ұлғайту, халықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қолға алынған «Сүт белдеуі» жобасының негізгі жүзеге асу нүктелерінің бірі – Сырым ауданы аумағы. Осыған дейін Бұлан ауылдық округіндегі «Берекет» шаруа қожалығы 120 бас сүтті тұқымды сиыр сатып алған болса, шаруашылық қазір цех ашу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Енді Қособа ауылдық округіндегі «Сырым» шаруашылығы да Беларусь Республикасынан гольштейн тұқымды сиырлар алып келді. 2023 жылға дейін Сырым ауданы бойынша тағы 5 қожалық осы сүт өндірісіне кіріседі.

Кейінгі уақытта біздің даланың малының еті де брендке айналып келеді.

"Сырым ауданы – тек облысты емес, елімізді ет өнімдерімен қамтып отырған аудандардың бірі. Мал басы бойынша жыл сайын айтарлықтай өсім бар", – деп баға берді бұл туралы облыс әкімі.

Бұлдыртыдағы кездесуде тұрғындар ауылдағы аурухананы, ауылішілік жол, іргедегі көпір мен электр желілерін жөндеу жайындағы мәселелерді айтты. Ауруханаға білікті дәрігерлер де керек. Халықтың сауалына Ғали Есқалиев жауап берді.

Жиын соңында облыс әкімі басқарма басшыларымен бірге жергілікті әлеуметті жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

Суреттер: БҚО әкімдігінің  баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале