Бөкей ордасы ауданы орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасы күніне орай ерлер командалары арасында «Достық - Дружба» атты волейболдан турнир өтті.
Аталмыш сайысқа Шыңғырлау, Жаңақала аудандарының және аудан орталығының ұстаздар командасы, спорт мектебі, колледж құрама командалары және Ұялы ауылдық округінің «Азия» атты командасы қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев сөз алып, барша қатысушыларды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, сайыста сәттілік тіледі.
«Луч добра» этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дмитрий Семилиди де мемлекеттік мейраммен құттықтап, спортшыларды әдемі және әділ сайыс көрсетуге шақырды.
Жалпы алты команда екі топқа бөлініп, өзара сайысқа түсті.
Бір күнге созылған спорттық шара қорытындысы бойынша І орынға Шыңғырлау ауданының командасы ие болса, ІІ орынға Жаңақала ауданы Айдархан ауылынан келген спортшылар табан тіреді. Ал ІІІ орынға ауданның ұстаздар командасы ие болды.
Еркебұлан Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz