Кеше облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев жұмыс сапарымен Жәнібек ауданына келді. Жұмыс барысында Темірхан Жалғасұлы биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша Р.Егізбаев, М.Өтемісов, Қ.Мусин, А.Байтұрсынов көшелеріндегі салынған жолдарды қарап, жол сапасына назар аударды. Сондай-ақ күрделі жөндеу жүріп жатқан республикалық маңызы бар 95-138, 158-165 шақырымдағы жолдың жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлерге жол құрылысын сапалы жүргізу жөнінде өзінің ескертпелерін айтты.
Сондай-ақ Жәнібек-Талов-Кіші өзен бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың да орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 2-27, 27-33, 33-48 шақырым мен Қамысты ауылына кіреберіс жолдың күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, учаскелерде жұмыс жасап жатқан мердігерлерге, техникалық бақылаушыларға өзінің ескертпелерін айтып, жұмысты сапалы әрі тиянақты атқарылуы турасында тапсырмаларын берді. Сол сияқты, Жақсыбай ауылына кіреберіс жолда көктемгі су тасқыны кезінде шайылған учаскелерге жүргізіліп жатқан ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстар барысын қарап, мердігерге жұмысты салғырт атқарып жатқаны жөнінде айтып, ескерту жасады.
Одан бөлек облыс әкімінің орынбасары Жақсыбай ауылында болып, құрылысы жүріп жатқан 7 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, мердігерге үйлерді тез арада аяқтау бойынша тапсырма берді. Облыс әкімінің орынбасары Т.Меңдіғалиевтің жұмыс сапары барысында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, облыстық автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Айдар Меңеев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев және «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК БҚО филиалы директорының орынбасары Эльдар Сағынов бірге жүрді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz