20.10.2022, 12:47
Оқылды: 89

«Дамудың» көмегімен дамығандар

Кеше «Даму» қоры бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау алған Оралдағы кәсіпкерлік нысандарға баспасөз турын ұйымдастырды.

13

Біз алдымен «Эксперт» медициналық орталығына табан тіредік. «Ақжібек» ЖК иесі Айнұр Мұқанова орталықты ашу үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға арқа сүйеген. Кәсіпкер жоба аясында  18.5% пайыздық мөлшерлемемен 155 747 000 теңге көлемінде несие алыпты. Қаржының 12.5%-ын мемлекет субсидиялайды. Кәсіпкердің кепілзаты жеткіліксіз болғандықтан, аталмыш қор кепілдік  беріп, көмек көрсеткен.  Облыс бойынша осы орталықта ғана  инвазивті емес перенаталдық тест тапсыруға болады. Осылайша жүктіліктің алғашқы триместрінде балада іштен туа біткен кемшіліктің, Даун, Патау, Эдвард синдромдарының бар-жоғын анықтайды.

12

– Орталыққа жүкті әйелдерді тексеруге арналған  Samsung Hera W10 ультрадыбыстық зерттеу құрылғысын сатып алдық. Ол 5D және 6D форматта скринингтен өткізеді. Паталогияны мерзімінен бұрын анықтауға мүмкіндік береді. Біздің орталық маусым айында ашылды. Содан бері 5 мың жүкті әйелді осы аппаратпен тексердік. Олардың 27 пайызында құрсақтағы шарананың дамуы бойынша ауытқулар бар екені анықталды. Бұл өте көп көрсеткіш. Алайда, көңілге бір медеуі, паталогиялар жүктіліктің 1 және 2-триместрінде анықталды. Тіпті шарана сүйектерінің дұрыс дамымай жатқанын да көрсетті. Біз ата-анаға құрсақтағы баланың денсаулығы жөнінде ертерек хабар беріп, жағайды түсіндіреміз. УДЗ маманы аппараттың зерттеу қорытындысын шығарады. Диагнозды генетиктер, акушер-гинеколог дәрігерлер қояды. Балалар – біздің болашағымыз. Ал дені сау ұрпақ өсіру үшін қыз-келіншектердің, әйел-аналардың дені сау болғаны жөн. Бізге осындай қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп, қаржылай қолдау көрсеткен «Даму» қорына алғысымыз зор, – дейді орталықтың бас директоры Айнұр Кенжебайқызы.

Аталмыш орталықтың басқарушы директоры Самат Жалбағаевтың айтуынша, болашақта балаларға және әйелдерге арналған оңалту клиникасын ашу жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол Айнұр Кенжебайқызының облыстағы дәрігерлерді ультрадыбыстық диагностика бойынша оқытып, арнайы  сертификат беретінін айтты. Оқу курсының 80 пайызы тәжірибеге жүзінде өтіп, аппараттармен жұмыс істеуді үйретеді. Медициналық орталықта терапевт, педиатр, генетик, стоматолог, кардиолог, невропатолог, гастроэнтеролог, акушер-гинеколог және басқа да жоғары білікті мамандар қызмет көрсетеді.

14

«Даму» қорының игілігін көрген жанның бірі – Максим Страмоусов. Кәсіпкер былтыр облыста алғаш болып Zoodoctor ветеринарлық орталығын ашқан. Ол клиниканың ғимаратын және жаңа жабдықтар алу үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 142 млн теңге несие алған.

7

– Мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 2010 жылғы түлегімін. 2007 жылдан бастап ветеринарлық клиникада жұмыс істедім. Ветеринарлық ем-шараларға, зерттеулерге сұраныстың жоғары екенін білген соң, жеке веторталық ашуды жөн көрдім. Қаражатым жетіспеген соң, екінші деңгейлі банктен несие алдым. Мемлекет несиенің 8%-ын субсидиялады. Сондай-ақ «Даму» қоры кепілзатым жетпегендіктен, кепілдік берді. Ветклиникада осы саланың қыр-сырын терең біліп, үйренгісі келетін жастар бар. Бұл қызметке «бауыр баса алмай», жұмыстан шығып жатқандар да жоқ емес. Бізге өзінің ісін шын ұнататын, үйренуге ынталы мамандар керек. Мұнда келген жас маман қызметті тазалық жасаудан бастайды. Осылайша сатылай өсіп, білікті әрі жалақысы да жоғары ветдәрігер деңгейіне көтеріледі. Ветеринардың орташа жалақысы 150 мың теңгеден жоғары. Болашақта тәулік бойы жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Өйткені жануарлардың дәрігеріне деген сұраныс өте жоғары. Мемлекет қолдау көрсеткен кәсібімді одан әрі дамыта беремін, - дейді Максим Анатольевич.

9

Орталықта ветеринарлық стационар, жануарларға арналған қонақүй де қызмет көрсетеді. Сертификатталған рентген кабинеті, жануарларды қабылдайтын 4 кабинет, УЗД, зертхана, екпе салатын, жануарларға күтім жасайтын груминг  кабинеттер жұмыс істейді. Мұндағы ветеринарлар күніне орташа есеппен алғанда 70-90 жануарға ем-дом көрсетеді екен. Олардың арасында ит-мысықтан басқа құлын, хомяк, енот, тотықұс, пума да бар.

3

Журналистердің баспасөз туры үйлерді жылы ұстауға арналған панельдер шығаратын цехта аяқталды. Панельдер жай ғана жылытып қоймай, үйдің сыртына сән береді. «АЛТАН» ЖК иесі Александр Федоров өндіріс орнын былтыр ашқан. Бүгінде өнімдерін «Теплый дом Уральск» деген брендпен сатады.

15

– Біз былтыр өндірістік цехтың ғимаратын сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы-2025»  мемлекеттік бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктен 60 млн теңге несие алдық. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,5%. Мемлекет қаржыландырудың 8,5%-ын субсидиялайды. Өндіріске қазақстандық компаниялардың шикізатын пайдаланамыз. Қазір сегіз жұмысшы бар. Өнімге деген сұраныс жоғары, ауқымды жоспарларымыз да көп. Соған сәйкес болашақта жұмысшылардың саны да, өндіріс қуаты да артады, - деді кәсіпкер.

16

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша филиалының директоры Балғын Оразова кәсіпкерелерді қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, «Даму» қоры 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында кәсіпкерлерге субсидиялау және кепілдік беру арқылы қолдау көрсетеді. Біріншісі, несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Яғни банк белгілі бір пайыздық мөлшерлемемен несие береді, ал шығындардың бір бөлігін мемлекет «Даму» қоры арқылы өтейді. Өткен 9 айда аймақтық филиал 29 млрд теңгеге жуық несие сомасының  пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы 800-ге жуық жобаға қолдау көрсеткен. Кәсіпорындарға  3,9 млрд теңге демеуқаржы төленген. Екіншіден, егер кәсіпкер банкке жүгінгенде  кепілзаты жеткіліксіз болса, «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады. Өткен 9 айда қор жалпы кредит сомасы 10,2 млрд теңге болатын  775 жобаға кепідік берген. Кепілдік сомасы – 5,7 млрд теңге.

Кәсіпкер аталған екі бағытта көмек алу үшін алдымен екінші деңгейлі банкке бизнес-жобасын көрсетеді. Банк жобаның қаржылық және экономикалық тиімділігін бағалайды. Банктің оң шешімін алған кәсіпкер «Даму» қорының аймақтық филиалына барып,  бағдарламаға қатысуға өтініш береді. Егер қор оның жобасын мақұлдаса, кәсіпкер, банк және «Даму» қоры арасында үш жақты субсидиялау шарты немесе кепілдік шарты жасалады.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале