23.10.2022, 9:43
Оқылды: 109

Ұлттың рухын көтерер ұлттық мереке

Биылғы жылдың маусым айында  қазақтың құтты ұясы Ұлытау төрінде  Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны өтті. Мұны ел жақсы ырымға балады. Алаш жұртының басы қосылған алқалы жиында Қазақстанның жарқын болашағы жайлы ой-пікірлер ортаға салынып,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәлімдеме жасаған болатын. Соның бірі Республика күні мейрамын қайта жаңғыртып, ұлттық мереке деңгейінде атап өту туралы сөз етіп қана қоймай, Президенттің сындарлы шешім қабылдағаны көпшіліктің көңілінен шықты.

maxresdefault

Ұлттық мерекелер мен мемлекеттік мейрамдар тізбесіне өзгеріс енгізуді жөн санаған Мемлекет басшысы Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президенттің бұл ұсынысын ескерген халық қалаулылары «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР заңына «25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні» және «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекесі» деген өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық. Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген  жөн.

Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Президент.

Мерекенің тарихы

1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-ның егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер құрылымдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Осы қағидалар негізінде кейінірек 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды.

Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізілді. Республика күнін ел 17 рет тойлады. Тек 2009 жылдың сәуір айында «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Бұл мерекені алып тастауға соншалықты бір маңызды себеп болған емес. Бертінге дейін шенеуніктер Республика күнінің маңызы одан кейін келетін Тәуелсіздік күнінен мысқал кем емесін ауыздан тастамайтын. Тек кейбір сарапшы бұл декларация Қазақстанның емес, Қазақ КСР-ның егемендігін жариялады деп есептеген болатын. Не керек, араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн, Республика күні халықпен  қайта  қауышты.

Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ол күнге біз тек 1991 жылы ғана қол жеткіздік.

ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда Республика күні туралы тереңнен  толғапты.

«Асылында біздің қазағымыз КСРО құрамындағы одақтас елдердің ішінен ең бірінші болып егемендікке ұмтылды. Мұны ұмытуға болмайды. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, міне, арада он үш жыл, бір мүшел өткенде Республика күні мерекесі Президенттің Жарлығымен қайта оралды. Бұл өте дұрыс шешім деп білем және аталған күннің ел үшін аса маңыздылығын жан дүниеммен сезінемін.

Менің әлі есімде... 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші сайланған II сессиясында Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларациясының қабылдануын біз тәуелсіздікке апаратын жол деп түсіндік. Соған бөркімізді аспанға атып қуандық! Бұл жетпіс жыл Кеңес үкіметінің құрамында бодан болған ел үшін «ақ түйенің қарны жарылған күн» болды. Біз осы декларацияның қабылдануы үшін ел-жұрттың қолын жинап, кәдімгідей күрес жүргіздік. Осынау күндері Алматыда митингі-шерулер өтті. Бәз біреулер декларацияға қарсы болды. Сепаратистік, шовинистік пиғылдағы топтар бізге қарсы жұмыс жүргізді. Мәселен, декларацияның: «Қазақ КСР ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөніндегі шаралар қолданады» деген (2-бап) тұжырымындағы «ұлттық» деген сөзге кейбір депутаттардың өзі шүйлігіп, «Алып тастау керек!» деп дау көтерді.

Осы даудың отын үрлеп жүргендер «Демократиялық Қазақстан» деп аталатын топ болатын. Мұндай топтардан халықтың үні басым шығып, еліміздің басты құжаты дау-дамай, қызу тартыспен азар қабылданды. Сонау 1990 жылдың қазан айында біздің Орал шаһары да тыныш болмады. Үлкен дауылдың алдында тұрған кемедей қатты толқуда тұрды. Тәуелсіздігімізге ие болғанға дейін біз жалаң қолмен от ұстап, тілімізбен шоқ жалағандай күй кештік. Бәрі көз алдымда.

Республика күні – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына алғы шарт жасаған, бізді бодан болудан құтқарған, қастерлі де қасиетті күн! Тәубе! Шүкір!» дейді ақын-журналист Мұнайдар Балмолда.

Республика күнін тойлау неліктен  алынып тасталды?

Көп сарапшының пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-ның егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алған жоқ. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген  мәртебесіне  ие  болды.

Ұлттық мерекенің мемлекеттік мейрамнан айырмашылығы қандай?

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік құрылымдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиға­лар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, халқымыз үшін қашанда тәуелсіздіктің текті ұғым екені айдан анық жайт. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қол жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді?! Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің  алтын тұғыры болуы керек.

Алтынбек Ермекқалиев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале