26.10.2022, 10:01
Оқылды: 93

Заң саласының заңғары

Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның заңтану саласы патриархтарының бірі Сұлтан Сартайұлы Сартаевтың туғанына биылғы 15 қазанда 95 жыл толды.

3

Иә, Қазақстанның заң ғылымында және Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихында жарқын із қалдырған аса көрнекті ғалым әрі қайраткер тұлға жөнінде, өкінішке орай, біз бүгіндері өткен шақта сөз саптауға мәжбүрміз. Тәуелсіз Қазақстанның Парасат, Барыс, Құрмет ордендерінің және Қырғызстанның Даңқ орденінің иегері, академик Сұлтан Сартаев – жас мемлекетіміздің құқықтық тұрғыдан қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етуге зор еңбек сіңірген азаматтардың бірі. Ол әлемдік маңызы зор ғылыми еңбектерімен заң ғылымының қазынасын байыта отырып, тек өз елімізде ғана емес, ТМД және алыс шетелде де заң-құқық саласындағы танымал тұлғаға айнал-ды. Ол – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының, «ҚР Президенті лауазымын тағайындау туралы» заңның, «ҚР Азаматтығы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы», «Тіл туралы» заңдардың жазылуына және қабылдануына тікелей атсалысқан ғалым. Республика жұртшылығы Сұлтан Сартайұлының тәуелсіз еліміздің Конституцияларын қабылдаудағы еңбегі мен табандылығын айрықша бағалайды.

Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Сұлтан Сартайұлының 95 жылдығына орай «Біз конституциялық кеңістікте өмір сүрудеміз: академик Сұлтан Сартаевтің саяси-құқықтық көзқарастары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Жалпы, қазіргі заманғы Қазақстан тарихында бірнеше конституция болғаны белгілі. Нақтырақ айтсақ, біздің ел болып қалыптасуымызда бес Конституция болған. Солардың біріншісі 1924 жылы Орынборда қабылданды. Бұл Қазақ аутономды республикасының конституциясы еді.
Содан кейінгісі 1937 жылы қабылданды. Бұл сол кездодақтық деңгейде жасалған «Сталиндік конституция», «Жеңген социализм конституциясы» деп аталған Конституцияның көшірмесі еді. 1937-1977 жылдар аралығында 40 жыл өмір сүрген сол конституциямызға 500-ден астам өзгеріс енгізілген екен. Көпті көрген тәжірибелі заңгерлердің айтуынша, негізгі заңға мұншама нөпір өзгеріс енгізу бірде-бір мемлекеттің тарихында болмаған көрінеді. Әлгіндей орасан көп өзгеріс мынандай жайттарға байланысты енгізілген: мысалы, әлгі конституцияларға аудандар мен облыстардың, министрліктердің тізімі енгізілген. Кейін осылардың атауы өзгерген кезде негізгі заңға да өзгеріс енгізуге мәжбүр болдық. Бұл тоталитарлық жүйедегі екінші Конституция еді. Ал осы қоғамдық-мемлекеттік жүйедегі үшінші Конституция 1978 жылы қабылданды. ҚазКСР-ның бұл негізгі заңы КСРО-ның 1977 жылы қабылданған конституциясы негізінде дайындалған еді.
Содан кейінгі негізгі заңдарымыз – тәуелсіз ел ретінде қабылданған қос Конституция.

Ата-бабамыз бағзы заманнан бастап тәуелсіздікті армандағаны хақ. Бірінші рет Тәуелсіздігімізді біз 1456 жылы Жәнібек пен Керей Алтын ордадан бөлініп, Қазақ хандығын жариялағанда алдық. Содан бері дербес ел, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу үшін қаншама жаугершілік заман өтті. Кеңес өкіметі тұсында да аштық, қуғын-сүргін, соғыс, тың игеру сықылды халқымыздың басынан талай  зобалаң өтті...

Қазақ даласында атыңнан айналайын Азаттықтың ақ таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні  тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің депутаты Сұлтан Сартаевқа Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау жөнінде ұсыныс жасаған екен. Абылай хан заманында мемлекеттің мұратын шыңдап, елдікті сақтауда билер кеңесінің үлесі қандай болса, Сұлтан Сартайұлы Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің заңды мұрагері сынды қызмет атқарды. 1993 жылғы түзетілген Конституцияның негізін қалаушы ауторлардың бірі ретінде елге сыйлы кемеңгер тұлға. Егер сіз заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаевтің ғылыми еңбектерін парақтап және жазылуы мен қабылдануына оның өзі ұйытқы болған заңдарды сараптап көрсеңіз, заңгер-ғалымның басты арманы  заң үстемдігіне негізделген мемлекеттік құрылым болғандығын аңғарасыз. Бұл тап қазіргі Қазақстан билігі мен ел халқының ортақ мақсаты Әділетті Қазақстан идеясымен үндес ниет екені шүбәсіз.

Осыдан біразырақ күн бұрын ҚазҰУ-да өткен конференция барысында Сұлтан Сартайұлының еңбектеріндегі КСРО-ның ыдырау үдерісіне берген саяси-құқықтық бағасы талданып, егеменді және тәуелсіз Қазақ-станның қалыптасуына негіз болған еңбектерінің ғылыми маңызды тұстары аталып өтті. Академик Сартаевтің еңбектерінің студент жастардың патриоттық санасы мен өнегелік тәрбиесінің қалыптасуына да үлкен әсері бар. Сондай-ақ шара барысында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құрылыстың және құқықтық жүйенің дамуын, оларды жетілдірудің негізгі жолдарын және конституциялық заңнама жүйесін дамытудың көкейкесті мәселелері де кеңінен талқыға салынды. Сұлтан Сартайұлы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің бірнеше жүздеген түлегін үлкен өмірге қанаттандырған ұлағатты ұстаз. Оның шәкірттерінің біразы бүгіндері Қазақстан мен ТМД елдерінің мемлекеттік құрылымдарында жауапты лауазымды қызметтер атқарып жүр. Сонымен қатар заң саласындағы заңғар тұлғаның ғылымға ден қойған, саналы өмірін ғылыми-оқытушылық қызмет пен қоғамдық-саяси  мақсат-миссияға бағыштаған шәкірттері де аз емес.

Еліміздің заң жүйесінің үздіксіз жетілуі мен заң үстемдігінің орнауы үшін және осы салаға білікті мамандар даярлау жолында жылдар бойы қажырлы еңбек еткен қайраткер ғалымның, мемлекетшіл тұлғаның өмірі – кейінгіге көнермес үлгі, өшпес өнеге.

Анархан Құттығалиева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Азаматтық  құқық және азаматтық  іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасының PhD  докторы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале