Теңге депозиттерінің 10 пайыздық өтемақысына өтінім қабылдау келесі аптада аяқтала ма? Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов осы мағынада тараған ақпараттарға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір Ұлттық банктің теңге депозиттеріне 10 пайыздық сыйақы төлеу бастамасы белсенді насихатталып жатыр. Осы өтемақыға өтініш тіркету үшін 1 апта ғана қалғаны туралы ақпарат тарады? Қаншалықты шын»,- деп сұрады БАҚ өкілі Ұлттық банктің брифингісінде.
Ұлттық банк төрағасының сөзіне қарағанда, ресми көздерден ондай мәлімет шықпаған.
«Біріншіден, мен баршаңызды ресми көздерден тараған ақпаратты ғана негізге алуға шақырамын. Аталған өтемақыны төлеудің ережесін Үкімет қаулысы бекіткен. Ол ереже бойынша, өтінімдер 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін берілуі керек. Ондай өтініштің қажеттігі осы өтемақыны алғысы келген әр азамат өз ниетін банкке хабарлау керектігімен және өзі туралы белгілі бір деректерді ашуға келісім беруі қажеттігімен байланысты. Банктердің көбі өз клиентеріне бұл өтінішті онлайн режимде рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, өзге банктер де аталған өтінішті онлайн қабылдау жұмыстарын жүргізуде.
«Тағы да еске саламын, бұл өтемақыны ұлттық валютамен депозит ұстайтын, 2022 жылдың 23 ақпанында шоттарында ақша болған және ол ақша 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталған азаматтар алады», - деді Ұлттық банк басшысы.