Ертең Сенат депутаттары екі заң жобасын қарайды. Соның бірі – «Рақымшылық жасау туралы», деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президенттің қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы бастамасы гуманизмнің және ізгіліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялауды тапсырды. Соған байланысты бір топ Парламент депутаты тиісті заң жобасына бастамашылық жасады. Алдағы уақытта қажетті жұмыстарды атқарып, қорытындыларын алып, аталған заңды барынша тезірек қабылдауымыз керек», - деді Мәулен Әшімбаев.
«Рақымшылық жасау туралы» заң жобасының нормалары қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағандарды жазадан босатуды көздейді. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Заң жобасы арқылы ауыр қылмыс жасағандар үшін сот тағайындаған жаза төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқартылады.
Сондай-ақ, заң жобасында босатылатын адамдарды жұмысқа орналастыруды, оларға медициналық көмек көрсетуді және құжаттарын ресімдеуді көздейтін, яғни қайта әлеуметтендіруді қамтамасыз ететін нормалар бар. Айта кету керек, азаптаулар жасағандар, террористер, экстремистер, рецидивистер және тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайды.
Айта кетсек, аталған заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданған болатын.
Сонымен қатар, ертеңгі отырыста «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралады. Бұл құжат аталған салада мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіреді. Келісімде қауіпті өнім туралы ақпараттандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету қарастырылған. Сол арқылы ЕАЭО-ның техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін өнім туралы мәліметтер алмасу жүргізіледі.