27.10.2022, 11:46
Оқылды: 47

Мейірім шуағын төккен шара

Қайырымдылық – ізгіліктің нышаны, адамдардың бір-біріне таза ниетін, сүйіспеншілігін  көрсететін қасиет. Біреуге мейірімді болу, қиын уақытта демеу кез келген жаста қолдан келеді. Осыны Жайық негізгі мектебінің педагогтары мен оқушыларының қайырымды істерінен анық көруге болады. Әрдайым жақсылық пен адамгершілікті дәріптеп жүретін олар жуырда Ақжайық ауданы орталығындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, бөгде адамның көмегіне мұқтаж жандарды мейірім шуағына бөледі.

Без названия

Суреттің дереккөзі: sabaq.kz

Осыған дейін білім ордасында «Тәтті сыйла» атты ауқымды акция өтіп, ұстаздар да, ұл-қыздар да әрқайсысы үйінен кәмпиттер әкеліпті. Тәтті өнімдерден жасалған әдемі букетті олар осы күні орталықта тұратын жандарға табыстады. Мектептің сыйы мұнымен түгесілмеді, оқушылар әсем ән салып, би билеп, аспапта өз өнерлерін көрсетті. Керемет көңіл күй сыйлаған ұл-қызға көрермендері дән риза, шапалағын аямай, концерт аяқталғанша, өнерпаздарды ыстық ықыласына бөледі.

Келген қонақтарға орталық директорының орынбасары Назгүл Дәулетова қайырымдылық айлығында үлкен іс-шара ұйымдастырған Жайық  мектебінің ұжымы мен шәкірттеріне үлкен ризашылығын білдірді.

– Баланы жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелей отырып, қайырымдылық, қамқорлық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіру – біздің мақсатымыз. Бұл жұмыс тек бір күн, бір аймен шектелмеуге тиіс. Біздің оқушыларымыз бастауыш сыныптан бастап, өзге жандарға қамқор болу, үлкендерді құрметтеуді мақсат еткен шараларға белсенді атсалысады. Айталық, «Жас ұлан» ұйымындағы ұл-қыздар көмекке зәру ата-әжелерімізге үй шаруасында үнемі қолғабыс етсе, қариялар күніне орай өткен шарада балдырғандарымыз өз қолдарымен құттықтау тілектерін жазып, үлкендерге ашықхаттар таратты, – дейді мектеп директоры Меруерт Ерментаева.

Қамкөңіл жандарға сүйеу боп, жан жылуын аямаған мектеп ұжымы мен оқушыларына біздің де ризашылығымыз зор.

А.Елеусінова,

Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының кітапханашысы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале