28.10.2022, 13:01
Оқылды: 14

Еңбегі ұрпаққа үлгі

XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырда еліміз Кеңес үкіметінің құрамында болып, коммунистік саясат жүзеге асырылды. Сол кезеңнің тұлғалары еңбекке ерте араласып, төрт түліктің тілін меңгеріп, мемлекет саясатының оңтайлы жүргізілуіне атсалысты. Ұзақ жылдағы ерен еңбегі үшін Одақ азаматтары әртүрлі марапатпен марапатталған болатын. Соның ішінде Социалистік Еңбек Ері атағын алғандар санаулы-ақ еді. Ал Казталов ауданының 11 азаматы осындай жоғары атаққа ие болған. Шаң басқан мұрағатқа үңіліп, «Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві» КММ басшылығының рұқсатымен Социалистік Еңбек Ері атағын алған азаматтар жөнінде мәліметке қол жеткіздік. Ендеше, Рамазан Әкімұлы мен Есекен Ақсыйықов хақында деректерді назарыңызға ұсынамыз.

13

Рамазан Әкімов 1881 жылы Орал облысының Фурманов ауданында туған. Ұлты – қазақ. 1933-1960 жылдары «Правда» газеті атындағы кеңшарда (қазір Көктерек ауылы) аға жылқышы болып еңбек еткен. 1961 жылдан бастап бейнетінің зейнетін көріп, зейнетке шықты.

Рамазан Әкімұлы жасы онға енді ғана толған шағында жергілікті жылқы зауытының қожасына барып жалданып, жылқы қайырысып, мал бақты. Міне, сол уақыттан бері оған таң азанда тұру дағдыға айналған-ды. Өйткені ерте тұрып, жылқыны жайылысқа шығару бала Рамазанға жүктелген еді. «Еңбек етсең – емерсің» деген, жас баланың басы 11-12-ден ерте жастыққа тимеген еді. Сөйтсе де қожасына жақпады. Ол ауыр еңбектен тек Қазан төңкерісі кезінде ғана қол үзді.

Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде Рамазан Әкімов «Правда» газеті атындағы ұжымшарға мүше болып кірді. Ол кезде жасы 53-те еді. Еңбек адамының көп жыл бойы жылқы бағумен айналысқанын ескеріп, ұжымшар басқармасы оған қоғамдық бір үйір жылқыны табыс еткен. Сөйтіп, ол 27 жыл бойы ұдайы жылқы бағуды кәсіп еткен. Осы жылдар ішінде өз ісінің асқан шебері жүздеген сәйгүлік өсірді.

Рамазан Кәкімұлы баққан үйірдегі жылқы барған сайын көбейе түсті. Сол көп малды бұрынғысынша екі көмекшісін ілестіріп, далаға айдайтын. Ауа райы бұзылып, жағдай қиындағанда жылқыны тебінге өзі айдап шығаратын. Ол жылқының қысы-жазы бірдей жақсы бағылып, қоңды болуына ерекше назар аударды. Рамазан ақсақал жайлау, күздеу, қыстаудың жайылымын бес саусағындай білетін. Мұның өзі оған жайылысты тиімді, рет-ретімен пайдалануына жағдай жасады.

Тәжірибелі жылқышы құлындардың жақсы өсіпжетілуіне, аман сақталуына ерекше көңіл бөлді. Әр құлынды туған күнінен бастап өзінің жеке қамқорлығына алған-ды. Тамаша еңбеккер жыл сайын мал басын шығынсыз өсіріп отырды. Мәселен, ол 1947 жылы 50 биеден 50 құлын, 1948 жылы 60 биеден 60 құлын алған. Осының арқасында ұжымшардағы жылқы саны 1946 жылдың 1 қаңтарында 293 болса, 1948 жылдың 1 қазанында 580-ге жеткен. Жылқы өсірудегі ірі табысы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен Рамазан Әкімовке Социалистік Еңбек Ері атағын берілді. Еңбегі көпке үлгі еңбек адамы 1971 жылы өмірден өтті.

Есекен Ақсыйықов 1901 жылы Орал облысы, Казталов ауданы, Жанақала ауылында туған. Ұлты – қазақ. Ол 1920 жылдан бастап Фурманов ауданында еңбекшілер депутаттары жергілікті кеңесінің қызметкері, 1930-1940 жылдар аралығында «Қызыл ақрап» кеңшары партия ұйымының хатшысы, кейін Фурманов аудандық партия комитетінің жалпы бөлімі нұсқаушысы, 1940 жылы Фурманов атындағы кеңшардың төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. Ел қамын ойлаған азамат 1941-1945 жылдары Кеңес әскері қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Әскерден қайтып оралған соң Фурманов атындағы ұжымшарға қайтадан төраға болып сайланады. 1954 жылы өмірден өтті.

Орал бойындағы далаға Кеңес өкіметі келгенде кешегі жалшы Есекен Ақсыйықов еңбекшілер депутаттары жергілікті кеңесінің белсендісі болған. 1924 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. Ол ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға белсене атсалысты. «Қызыл ақрап» ұжымшарын құрысуға тікелей қатысып, осында ұзақ уақыт ұжымшар партия ұйымының хатшысы болды.

Есекен Ақсыйықов 1940 жылы Фурманов атындағы ұжымшардың төрағасы болып сайланды. Бірақ ол бұл қызметті ұзақ уақыт атқара алмады. Өйткені 1941 жылы майданға аттанды. Қан майданда қан кешкен азамат танк экипажының командирі болып, жауға қарсы шайқаста ерлік көрсетті. Волга бойынан Берлинге дейін жауынгерлік жолмен жүріп өтті.

Ол әскер қатарынан босаған соң туған ауылына оралып, бұрынғы ұжымшарға қайтадан бастық болды. Фурманов атындағы ауыл шаруашылығы артелі Есекен Ақсыйықовтың басшылығымен қысқа мерзім ішінде аудандағы озаттар қатарына қосылды. 1947 жылы ұжымшар өзіне қабылданған міндеттемесін ойдағыдай орындап шықты. Атап айтар болсақ, қой 9 пайыз, жылқы 12,2 пайыз, ірі қара 4,6 пайызға көбейді. Қозы жоспардағыдан 48 пайыз, құлын 48,8 пайыз көп алынды. Сол жылы ұжымшар мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсыруды барлық түрінен орындап шықты. Үш жыл ішінде: 1946, 1947 және 1948 жылдары іскер басшы басқарған ұжымшардың жылқысы екі есе, қой үш мыңға, ірі қара 200-ге көбейді. КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен Есекен Ақсыйықовқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

(Мәліметтер «Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нен алынды).

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале