28.10.2022, 15:00
Оқылды: 109

Ветеринария саласын цифрландыру  — заман талабы

Ауыл шаруашылығы жүйесіндегі маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ветеринария саласын реформалау және цифрландыруды тапсырған болатын. Осы орайда Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақовтың төрағалығымен жиын өтті.

IMG-20221028-WA0013

Басқосу барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі және БҚО  ветеринария басқарма өкілдері пилоттық жобада іске қосылған «ИСЖ-MOBILE» мобильді қосымшасы туралы кеңінен мәлімет берді. Мобильді қосымша ветеринарлық дәрігердің жұмысын тиімдірек істеуіне көмекші құрал ретінде арналған. Құрылғы соққыға, суыққа және ылғалға төзімді.

— Ветеринариялық дәрігерге арналған мобильді қосымша профилактикалық, бірдейлендіру және тағы да басқа іс-шараларды ұйымдастыруды жеңілдетеді. Оның үстіне, ауылдық жерлерде интернет барлық жерде бола бермейтінін ескеріп, мобильді қосымшамен оффлайн режимінде де жұмыс істеуге болады, — деп атап өтті ҚР АШМ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және АӨК-ні цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков.

Агроөнеркәсіптік кешеніндегі экономикалық саясаттың талдау орталығының аға IT-сарапшысы Фариза Әбдірахманова  және ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Ұлмекен Смайылова мобильді қосымшаның функцияларын ветеринариялық дәрігерлерге таныстырды. Жануарларды бірдейлендіру барысында сырғаны сканерлеу арқылы дерекқорға толық, қатесіз жүктей алатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Агроөнеркәсіптік кешеніндегі экономикалық саясаттың талдау орталығы» ЖШС-і басқарма төрағасының орынбасары Ернат Ибраев презентация арқылы мобильді қосымшаның төрт негізгі модулін таныстырып, әр модульдің жеке қызметтерін атап өтті. Қосымша арқылы ауылшаруашылық жануарларын жұмыс жерінен тікелей тіркеп, есептен шығарып, дерекқордан іздеуге және зерттеуге алынған қан сынамаларының тізімін жасауға болады.

IMG-20221028-WA0014

БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Рашит Иманғалиев пилоттық жоба болғандықтан табысталған мобильді қосымша орнатылған планшеттер уақытша берілгенін айтты. Сондай-ақ планшетті тек қызмет бабымен пайдаланып, оның қай нүктеде жүргенін қашықтықтан бақыланып отыратынын ескертті.

Жиын соңында ветеринарлық мамандар ауылшаруашылық дерекқоры бойынша сұрақтар қойып, бірнеше мәселелерді анықтап, талқылады.

 Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале