Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблінің 55 жылдығына арналған «Жастықтың алауындай, жүректің қалауындай «Дос-Мұқасан» атты республикалық фестиваль өтті. Аталмыш байқауға өңіріміздің атынан қатысқан «MakhamBand» вокалды тобы «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша І орынды жеңіп алды.
Құрылғандарына бір жыл толған топ республикалық деңгейде алғаш рет өнер көрсеткен. Вокалды ұжым М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті мәдениет және өнер факультетінің 3-курс студенттерінен құралған. Топтың жетекшісі - ҚР Мәдениет саласының үздігі, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Қуаныш Қисметов.
– Әуелі вокалды топтың мүшелерін жетістіктерімен құттықтаймын! Біз бұл байқауда қазақтың халық әні «Ахау бикем» мен Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған Мұрат Құсайыновтың «Туған жер» деген әнін шырқадық. Қазылар алқасының төрағасы, белгілі композитор Мұрат Құсайынов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің арт директоры Данияр Құсайынов, эстрада әншісі Нұрлан Абдуллин, сазгер Бейбіт Оралұлы сынды өнер иелері үміткерлерге әділ бағасын берді. Жалпы байқау жоғары деңгейде өтті, – деді топ жетекшісі Қ.Қисметов.
Аман Рақымжан,
zhaikpress.kz