Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен жиналыс өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйым басшылары қатысты. Күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Соның ішінде ең ауқымдысы, ол 20 қарашада өтетін Президент сайлауын ұйымдастыру. Яғни, аудан тұрғындарын аталмыш науқан туралы хабардар етіп, барлығын сайлауға қатысуға шақыру. Сонымен қатар, аудан басшысы сайлау күні түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, жәрмеңкелер өткізілу керектігін де атап өтті.
Одан бөлек аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қамарсұлу Қадырбай ауылдық округтердегі ауыз суды дезинфекциялау жұмыстары хақында баяндама жасаса, Ауыл шаруашылық күнін ұйымдастыру жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылбек Қамашев айтып өтті. Оның айтуынша, биыл айтулы күн 12 қарашада аталып өтіледі. Сол күні қорытынды ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, мерекелік бағдарлама мен спорттық ойындар ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің аудандағы ахуалы бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, екі тоқсанды салыстырғанда үшінші тоқсанда өсім байқалып отыр. Ол дегеніміз, аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмекке жүгінгендер саны көбейді. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Абдолова мерзімді баспасөзге жазылу турасында қысқаша баяндама жасап, газеттерге жазылуға шақырды.
Аудан әкімі Азамат Сафималиұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырма беріп, жиынды қорытындылады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz