5.11.2022, 12:33
Оқылды: 93

"Қыз Жібек" салған ән керім

Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылындағы мәдениет үйінде халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, үлгілі "Қыз Жібек" дәстүрлі әншілер ансамблінің концерті өтті. Казталов ауданы, Жалпақтал ауылынан арнайы келген меймандарға Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев құрмет көрсетті.

IMG-20221105-WA0018

«Қыз Жібек келді ортаңа!» атты шараның төрінен аталмыш ансамблдің негізін қалаушы ҚР Халық ағарту ісінің және Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиева мен ансамблдің жетекшісі, әнші, сазгер, термеші Асылхан Болтанов табылды. Құрметті қонақтардың қатарында облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры Мәулет Жұбатов пен ақын Асантемір Қаршығаұлы болды.

«Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі – термеші арулардың басын қосқан, республикамызда алғаш болып құрылған өнер ұжымдарының бірі. Ансамбль республикалық көлемде үлкен танымалдыққа ие болғаны былай тұрсын, Чехия, Венгрия, Германия секілді мемлекеттерде топ жарған. Бүгінгі таңда өнер ұжымын арнайы Түркия мемлекеті шақырып отыр. Сонымен қатар, «Қыз Жібектен» түлеп ұшқан өнерпаздар еліміздегі іргелі оқу орындарында білімдерін шыңдауда.

Подстепныйда өткен концертте «Қыз Жібек» ансамблі Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем» әнімен халық қошеметіне бөленіп, халық әндері «Ағайша», «Сары бидай», «Жас келін», «Қызыл құмды ауылым», «Гәкку» секілді әндерді әуелетті. Сонымен қатар, жас дарындар шырқаған Махамбеттің, Сыпыра жыраудың һәм Естайдың термелеріне де көрермен ықыласы ерекше болды.

IMG-20221105-WA0015

Ансамблдің негізін қалаған Баян Құбайқызы сахна төріне шығып, өзі тәрбиелеп өсірген шәкірттерімен «Оралдың ерке самалын» әуелеткен сәт өте әсерлі болды. Одан кейін Баян Қабиева «Бақытты жан екенмін» әнімен кеш шырайын аша түсті. «Қыз Жібектің» Теректідегі концерті ансамбль жетекшісі Асылхан Болтановтың «Қазақ елі жасасын!» әнімен түйінделді.

- Расы керек, «Қыз Жібектің» бұл облысымыздағы екінші концерті. Оған дейін облыстық халық шығармашылық орталығының қолдауымен Орал шаһарында ән шырқаған еді қыздарым. Аудандардың арасынан алғаш боп Теректі бізге төрін ұсынды. Сол үшін аудан әкімі Тілек Александрұлына және осы кешті ұйымдастыруда бас болып жүрген Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі директорының міндетін атқарушы Үміткер Орынғалиевке алғыс айтамын. Балалар жылы аясында қазақтың өнерін бойларына сіңіріп өскен қыздарымды аудан сахнасына шығаруды игі іс деп білемін. Көңілім толқып тұр. Бүгін ән шырқаған он қыз да дәл сондай күй кешуде, - деді Баян Құбайқызы толқынысын жасыра алмай.

IMG-20221105-WA0011

Теректіге келген меймандарға аудан әкімі Тілек Габдушев ілтипат білдіріп, ән шырқаған он қызға сый ұсынды. Сонымен бірге, ансамблдің негізін қалаған Баян Қабиева және Асылхан Болтановқа да аудан әкімі алғысын білдіріп, естелік сыйлық және алғысхат табыстады.

IMG-20221105-WA0017Подстепный мәдениет үйі залын лық толтырған көрермендердің «Қыз Жібекке» деген қошеметі толастамады. Өнерпазға одан артық нендей сый керек?!

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале