7.11.2022, 11:00
Оқылды: 52

Бір ауылдан бес чемпион шығарған

Әлем чемпионатының жүлдегері, бөрлілік Анастасия Панасовичті  білмейтін күрес жанкүйері аз. Бірақ сол бір талдырмаш қызды бала күнінде баптап, спорттағы алғашқы асуларын бағындыруға себепші  болған бапкер Баймұрат Әбдірахманов екенін екінің бірі біле бермейді.  Біз бүгінгі мақаламызда біраз жастың бағын ашып, томағасын сыпырған,  ерік-жігерін шыңдап, жеңіс шыңына жетелеген азамат туралы айтуды жөн көрдік.

IMG_6312

Баймұрат Әбдірахманов Сырым ауданына қарасты Тасқұдық ауылдық округінің Тінәлі бөлімшесінде өмірге келген. Спорттағы қадамын да туған жерінде бастапты. Алғашқы бапкері – тасқұдықтық Нұрлан Сапин. 7-сыныпқа дейін сол ұстазының қарамағында жаттыққан Баймұрат еркін күресті тәп-тәуір меңгере бастаған кезде бапкері жұмыс бабымен басқа жаққа қоныс аударған. Кейіпкеріміз 7-сыныпты аяқтаған соң мектептегі оқуын Ақтөбе облысындағы Исатай ауданының орталығы Ақырап ауылында (1997 жылдан бері ол жер Қобда ауданының құрамында) жалғастырған. Сол жерде 10-сыныпқа дейін оқып, бапкер Қасым Мұсағалиевтің қол астында жаттыққан. 1990 жылы мектепті аяқтаған соң әскерге алынып, екі жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Әскерден келісімен Орал қаласындағы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтта сырттай оқиды. Сол кезде Бөрлі ауданының Пугачев округіне қарасты Бесағаш ауылында мұғалімдік қызмет атқарған ағамыз ЖОО дипломын алған. Бірақ бапкерлік жолға түсемін деген ойы болмапты. Ауылда бос жүрген балаларды көрген соң еркін күрес үйірмесін ашып, бапкерлікке бет бұрған.

– 2003 жылы Сырым ауданының Бұлдырты ауылында үлкен жарыс өтетін болды. Сол жарыста Қарағанды қаласынан КСРО-ға еңбегі сіңген бапкер Аманкелді Мұсабеков келді. Серік Алшынбаев, Аманкелді Жаппаров сынды әлем чемпиондарын, Мұрат Майауызов сияқты КСРО кубогін жеңіп алған мықты палуандарды баптаған Аман ағамыздың (кейіпкердің өз сөзі) бапкерлік жолы мен палуан дайындау ісінің қыр-сыры туралы айтқан әңгімесі ерекше жігер беріп, мен «Сол ағамыздай чемпион баптаған бапкер боламын» деген ойға бекідім, – дейді  Баймұрат  Әбдірахманов.

Бұлдырты төрінде Баймұрат баптаған палуандар тамаша өнер көрсетіп, оны облысымыздан шыққан тұңғыш еркін күрес шебері Сайлау Мұқашев Орал қаласына қызметке алдырыпты.

– 2003 жылы Орал қаласына келген соң Аманкелді Мұсабековпен бірге әріптес болудың сәті түсті. Ол ағамыз Сайлау Мұқашевтің шақыртуымен өңірімізге келіп, облыстың еркін күресін қолға алған екен. Содан 2007 жылға дейін Аман ағаммен бірге спорт саласында қоян-қолтық қызмет атқардым, – дейді Бәкең.

Өзі үлгі тұтар бапкермен қызметтес болған жылдарын Баймұрат әлі де сағына еске алады. Өйткені одан үйренгені көп болыпты.

– 2007 жылы Бөрлі ауданының Пугачев ауылындағы мектепке қазақ және орыс тілін жетік меңгерген директор керек болды. Білім саласының басшылығы осы лауазымға менің жолдасымды лайық деп тапқасын әрі  ана тіліміздің дамуына да үлес қоспақ ниетпен Пугачевке қоныс аудардық, – дейді Баймұрат бапкер.

Білікті маман ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және еркін күрес бапкері қызметтерін қатар атқарады. Кейіпкеріміз күреске икемі бар балалардың барлығын үйірмеге алған.

– Ыбырай Алтынсариннің «Аш қасқырдың қойға ұмтылғанындай мен балаларды оқытуға қызу кірістім» дегеніндей, сол кезде мен де бапкерлікке ерекше құлшыныспен аш қасқырша кірістім. Аманкелді Мұсабеков пен Сайлау Мұқашев сынды бапкерлер берген тәлім-тәрбие, үлгіөнегені шәкірттеріме сіңіргім келді, – дейді  бапкер.

Тынымсыз еңбек өз жемісін беріп, Баймұрат бапкердің де еңбегі ақтала бастапты. Екі жылдан соң шәкірті Ақманар Саркенжееваны облыстық спорттық мектеп-интернаттың басшылығы шақыртып, оқуға қабылдаған. Одан соң Гүлжанар Ниетәлиева, Татьяна Тарабина, Анастасия Панасович, Айдана Сұлтанова, Арина Бинұр сынды шәкірттері де Орал қаласына ауысқан.

Баймұрат Әбдірахмановтың жаңағы шәкірттері бүгіндері облыстағы үздік бапкерлердің бірі саналатын Мұсабек Нарегеевтің жетекшілігімен жаттығады. Көп ұзамай Ақманар Саркенжеева Қазақстан

Республикасы чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері атанған. Өкініштісі сол, Ақманар ауыр жарақат алып, ересектер арасындағы жарыстарға шыға алмай қалыпты. Одан соң Татьяна Тарабина жасөспірімдер, жастар арасында ел чемпионы, Еуразия ойындарының күміс жүлдегері деген атақтарға қол жеткізген. Бірақ Татьяна да әлем чемпионатына дайындық барысында жарақат алып, спорттық мансабын  ерте аяқтауға мәжбүр болды.

– Талай жыл баптап, бар уақытыңды бөліп, енді көпшілікке танылады-ау, енді халықаралық сындарда жүлде алады-ау деп жүргенде шәкіртіңнің мансабын аяқтауға мәжбүр болғаны бапкерге қиын тиеді екен. Балалығын бозкілемде қалдырған екі қызымның спорттан ерте қол үзуге мәжбүр болғаны қинады. Сондай сәтте Ақманар мен Татьяна ірілік танытып, қолдауын көрсетті. Менің одан әрі ұмтылып, бапкерлікті жалғастыруыма сеп болды, – дейді Баймұрат Әбдірахманов.

Осылайша, шәкірттерінің қолдауымен жұмысын одан әрі жалғастырған кейіпкеріміздің тағы екі шәкірті – Айдана Сұлтанова мен Анастасия Панасович елімізде қарсылас шыдатпай, бапкер үмітін ақтап жүр. Олар жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын үш мәрте жеңіп алған. Содан соң Айдана Сұлтанова Азия чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізсе, Анастасия Панасович жастар арасындағы ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Көп ұзамай Анастасия Азия біріншілігінде қола, әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Ал Сәбит Түгелтаев деген шәкірті спорт интернаттарының тәрбиеленушілері арасындағы ел чемпионатында жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.

– Көп адам күресті хобби деп санайды. Біраз баланы баулыдым. Енді күресіп, нәтиже бере бастайды деген шағында әке-шешесі «Сабағын оқысын, грант иегері атансын» деген желеумен баланы спорттан алшақтатып жібереді. Сондай кезде кей ата-анаға өкпелеймін. Бірақ бала ата-ананікі болған соң, амалсыз жіберемін, – дейді кейіпкеріміз.

Осы күні бапкер Руслан Сафиев, Асылжан Баяжан, Серік Абзал деген үш шәкіртінен үлкен үміт күтеді. Оның үстіне, Ақсай қаласынан да үйірме ашып, онда да бала санын көбейткен. Баймұрат бапкер болашақта ақсайлық спортшы олимпиада шыңын бағындырса деген мақсатқа жету үшін табанды еңбек етіп келеді. Бүгінде өзі баптаған шәкірттерінің алды бапкерлік жолды таңдап, ұстаздарына әрі әріптес, әрі бәсекелес.

– Ақманар қызым Шыңғырлау ауданында жаттықтырушы қызметін атқарады. Татьяна Тарабина «Ақсай» спорт клубында фитнес бапкері, Айдана Орал қаласындағы институттың спорт факультетінде оқып жүр. Гүлжанар ғана спорттан алыстады. Елжан Мағзом деген шәкіртім қасымда бапкер болып қызмет атқарады. Ал Анастасия бозкілемде. Мақсаты – Париж олимпиадасына қатысу, – дейді Баймұрат бауырымыз.

Бапкер спортқа, соның ішінде еркін күреске ыңғайы бар балаларды дене шынықтыру сабағында таңдап алады екен. Өз сөзінде ол күші мығым, қимылы ширақ ұл-қыздарға ерекше көңіл бөлетінін айтады. Ақманар мен Анастасияны солай таңдап алған. Олар да бапкерінің сөзін жерге тастамай, айтқанын бұлжытпай орындап, біраз биікті бағындырды.

Үмітің мен бапкерлік бейнетіңді ақтайтын шәкірттерің көп болсын, Бәке!

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале