7.11.2022, 10:45
Оқылды: 119

Тоғыз тіл білген тұлға

Өз заманында туған елі үшін жан-терін сыға жүріп қызмет еткен азаматтар шоғыры болады. Олар салған жол, сүрлеген сүрлеу жарық жұлдыздай сәулесін молынан шашып тұрады. Жылуы да, шуағы да мәңгілік. Қай уақытта болмасын соларды тауып, шаң басқан тұрпатын сүртсеңіз болды, жайнап, жадырап-ақ шығады. Қай уақытта да туған елінің кәдесіне жарай беретін ырысты ырыздық. Сондай жарық нұрлы сәуленің бірегейі – Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы (суретте) болатын. Артына қалдырған сөзі, мұрасы мол. Ғибратты, өсиетті тағылымды еңбектердің авторы. Бірақ... Ғабдолғазиз Мұсағалиұлының есімін біз ұмытқанбыз. Сонымен, Ғабдолғазиз кім еді?

WhatsApp Image 2022-11-07 at 10.34.21

1880 жылы бұрынғы Астрахань губерниясының Бөкей ордасына қарасты Қараоба ауылындағы ауқатты отбасында жарық дүниеге көрінген Ғабдолғазиз жасынан алғыр, оқуға зерек, ынталы болған көрінеді. Шыққан тегі – ноғай, оның ішінде нәртелі қостаңбалы. Әкесі заманына сай білім алған, ескіше сауатты, ортасына сыйлы, аузы дуалы би болыпты. Бала Ғабдол алғаш рет әділдігімен, жомарттығымен аты шыққан әкесінен сауат ашып, жазу-сызуды үйреніпті. Зиялы әкенің арқасында әріп үйреніп, әліпби жүргізуді меңгерген зерек бала ауылдағы молдадан дін ілімі бойынша ақ-қараны айырған. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік, оқуға алғыр баласының зеректігіне сүйсінген ауқатты әке ұлын Қазан қаласындағы Алатай мектеп-медресесіне оқуға түсірген. Ислам бағытындағы іргелі ілім-білім беретін оқу ошағында ол шариғат, жалпы ислам тарихы, шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы дәріс алған. Араб, татар, орыс тілдерін еркін меңгеруге ден қойған.

Алатай медресесін тәмамдаған соң, Қазандағы зайырлы мектептің бір курсын және арнайы ақсүйектер мектебінде (элиталық мектеп) шет тілдерін меңгерген. Татар астанасындағы оқу-білім ошақтарынан дүниетанымдық  көзқарасын қалыптастырып, мәдениетін үйреніп, ойлау көкжиегін кеңейткен шәкірт Ғабдолғазиз еліне демалысқа келген кезінде жомарт әкесі науқастанып, дерт құрсауынан шыға алмай, қайтыс болады. Әкесі өмірден өткенде тетелес туған ағасы оның оқуына, ілім-білім жолында ізденуіне қарсы шығып, тыйым салыпты. Бірақ өмірін оқу жолына арнаймын деген үлкен арман-мұратты жан ағаның ыңғайына көнбей, әке дәулетінен өзіне енші болып қалған мал мен жерді ақшаға айырбастап, білім шырағы жанған жерлерге сапар шеккен-ді. Прометейдің отындай лаулап жанған Мысырдағы әл-Азһар университетіне оқуға қабылданып, заң факультетінің студенті болған. Анығында, Мұсағалидің Ғабдолғазизі қазақтың қаракөздерінің арасынан алғаш болып әл-Азһарда білім алған еді.

1 polosa 2

Қияндағы Мысырда, ежелгі араб мәдениеті мен әдебиетінің ордасы болған шаһарда оқуға ынтық талапты жас өзінің қайрат-қажырын тек ізденіске жұмсаған. Тарих ғылымына аңсары ауған. Мысырдың бай кітапханаларын сүзіп, халифат дәуіріндегі ескі қолжазба мұралармен танысқан. Шығыс елдері мен түркі халықтарының ежелгі тарихына, этнографиясына, әдебиетіне қатысты деректерді жинаған. Кейіннен сол Мысырда жүріп оқыған еңбектерін қазақ оқырмандарына ұсынған болатын.

1907-1908 жылы университет студенті араб тілді әдебиеттегі «Гүлжиһан» деген әйгілі дастанды жаттап алған. Оны тек жаттап қана қоймай, нәзира үлгісімен қазақ тіліне тәржімалаған. Тарихи дерекке сүйенсек, «Гүлжиһан» – 685 жылы Сирияның Дамаск қаласында жазылған лиро-
эпостық шығарматұғын. Ғабдол-Мәлік Халифаның заманындағы тарих баяны. Бұл дастанда кердері руынан шыққан Асылбек Сәлімбай-ұлы мен Қасымбек Кәрімбайұлы туралы айтылған екен. 1929 жылы осы дастан туралы жазған еңбегінде Ғабдолғазиз «Шам мен Бағдаттағы қазақтар сол Асылбек атаның ұрпағы болуы мүмкін» деген тұжырым жасайды. Біз айтып отырған бұл деректер Ғабдолғазиз мұрасы жинақталған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің архивінде сақтаулы.

Мысыр университетін тәмамдағаннан кейін қыпшақ нәсілді ер жер-жиһанды толық аралап көрмек үшін саяхат жасаған. Үнді мұхиты арқылы кемемен Африка, Азияны аралапты. 1909-1910 жылдары Түркия, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония елдеріне саяхат жасап, жол бойы көрген-білгенін хатқа түсіріп, сол жерді қоныстанған ұлт пен ұлыстың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы туралы сапарнамалық очерк те жазған. Ғылыми-танымдық бағыттағы «Мысыр» сапарнамалық мақаласы «Айқап» журналының 1914 жылғы №24 санында жарияланған.

Жиһанкез Ғабдол 1910 жылдың көктемінде Ыстанбұл шәріндегі мешіттердің бірінде екі қазақ баласын кездестіріпті. Бұлар – сол заманда аты да, атағы да шартарапқа кеңінен жайылған Маманов-Тұрысбеков әулетінің ұрпағы Есенқұл қажы мен оның көпес досы екен. Түркия арқылы үшінші рет үлкен қажылық сапарға бара жатқан Есенқұл қажы Ғабдолғазиздің терең біліміне сүйсініп, оны өзі ашқан Жетісудағы Мамания мектебіне оқытушылық қызметке шақырыпты. Ауқатты байдың ұсыныс-тілегін қабыл алған Ғабдол күз айында Жетісу топырағында кездеспек ниетін білдіріп, қажыны үлкен жолға шығарып салған екен-мыс.

1910 жылдың күзінде уәделі сөзі бойынша Жетісуға келіп қоныстанған. Әуелде мұғалім болып, ер балаларға жағырапия, мұсылман тарихы, мұсылмандық шарты, дүние тарихы, жаратылыс тарихы пәндерінен дәріс оқыса, 1911 жылдың қарашасынан бастап аталмыш мектептің мүдірі (директоры) қызметіне тағайындалған-ды.

Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қорында Мамания мектебі туралы көп құжат сақталған. Сондай ескі құжаттың бірінде: «... Заведывает мактабом Габдулгази Мусагалиев, адрес его местный поселок Авакумовск, Капальского уезда. Киргиз, мусульманин. Родился во внутренней Букеевской орде, Астраханской губернии. До 15 лет жил в Букеевской орде, после сего учился в городе Казани в Апанаевском училище шесть лет, потом учился в университете Каир. Заведующим мактаба состоит с осени 1911 года. Русским разговорным языком отчасти владеет, грамоту по русский отчасти знает. Преподает коран, историю татара и хадис» делінген. Анықтасақ, бұл 1912 жылдың бесінші наурызында Ғ. Мұсағалиұлының қоғамдық-саяси көзқарасы жайында губернаторға жазылған жасырын хат екен. Біз Мамания мектебінің тарихына қатысты деректер жинастырғанымызда  Ғабдолғазиз мүдірдің қолымен жазылған көптеген құжатты көрдік. Реті келсе, алдағы күндері оларды жариялай жатармыз.

Ғабдолғазиз ұстаз Қапалдағы Мамановтар әулетінің мектебінде оқытушы бола жүріп, Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері – Барлыбек Сырттанұлы, Отыншы Әлжанұлы, Міржақып Дулатұлы, Есенқұл қажы Маманұлы, Жақып Ақбайұлы сынды арыстармен қоян-қолтық қарым-қатынаста болған. Бұл кісілер етене пікірлес, әңгімелері жарасқан сол замандағы оқығандар шоғыры еді. Жетісудағы Алаш мектебінде қатарлас қызмет атқарған Мұстақым Малдыбайұлы, Файзрахман Жиһандаровпен оқу-ағарту, саясат тақырыбында пікірлесіп, игі істер тындырған.

1911-1917 жылдары Ғабдолғазиз «Айқап», «Қазақ» басылымдарына Жетісудан жиі-жиі жазған автор саналды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік бағыттағы ойларын ортаға салып, өзінің жалынды публицистикалық еңбектерін басылымдарға жолдап отырды. Жетісу тарихына, осы өлкені мекендеген жұрттың тұрмыс-тіршілігіне қатысты этнографиялық этюдтары жарық көре бастады. Әсіресе қазақ руларының шежіресі туралы ойлары әлі күнге дейін өзекті екенін баса айтқымыз келеді. Оның баспасөз бетіне шыққан материалдары көбіне «Мұса Ғ.», «Мұса Ғабдолғазиз», «Педагог Мұса», «Мусин Ғабдолғазиз», т.с.с. бүркеншік аттармен жарияланған. Сосын, публицист Ғ. Мұсағалиұлы 1917 жылдары Ресейде жарық көрген «Шура», «Тәржіман», «Уақыт» деген татар басылымдарына да мақала жазған. «Курган вә уба һәм да қала», «Гакыл ничек тәрбия иделми?» тақырыбындағы материалдары жарияланған.

Ақпан революциясынан кейін ұстаз Ғабдолғазиз Мамания мектебіндегі қызметін аяқтап (мектеп ақ пен қызыл күресінде өртенгеннен кейін), туған жеріне келген кезде де Алаш идеясынан қол үзген емес. Бөкей ордасының халық ағарту ісіне белсене араласып, ауыл-аймақтағы сауатсыз ересектер мен балаларды оқытқан. Уақытша үкімет тұсында сол замандағы озық ойлы тұлғалармен тізе қосып,  «Ұран» («Призыв») деген газет шығарған (аталмыш басылым қазіргі «Орал өңірі» газетінің ізашары).  Сол жылдары ол Екінші жалпықазақ сиезіне делегат ретінде қатысқан. Ал  1917 жылдың 20-25 сәуірінде Бөкей ордасы қазақтарының алғашқы алқалы жиынын ұйымдастырғандардың бірі.

Бөкей ордасындағы қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүрген қайраткер түрлі ұйымдарға да жетекшілік еткен. Мәселен, Ордадағы мұғалімдер кеңесінің төрағасы міндетін атқарады. Сол уақытта «Дұрыстық жолы» газеті мен «Мұғалім» журналын шығарғаны бар.

1920-1924 жылдары Қазақ автономиясының жұмысына араласып, оқу-ағарту ісінің дамуына үлес қосқан. Мәскеуде өткен ірі жиындарға делегат ретінде де қатысқан. 1923 жылы Мәскеуде өткен он күндік көрме барысында белгілі қайраткер А. Луначарскийдің қабылдауында болыпты.

Ғабдол 1929 жылы Ордадан Алматыға қоныс аударған. Сол жылдан өмірінің соңына дейін еркін шығармашылық жұмыспен айналысқан. 1933 жылы 53 жасында өмірден өткен. Сүйегі Алматыдағы ескі мұсылман қорымына жерленген. Бұл зират  – М. Әуезов, К. Байсейітова сынды халқымыздың ардақты ұл-қыздары  мәңгілік тыныс тапқан қорым.

Ғабдолғазиздің бізден артықшылығы – сегіз тілді еркін меңгеруі. Оның заманы отаршылдықтың тұсауы салынған шақ болатын. Ноқталанған талапты қазақтың аяғына салынған шідерді үзіп, ілім-білімнен өзінің бақытын тапты. Орыс, түрік, татар, араб, парсы, испан, француз, неміс тілдерін жетік меңгеріп, сол тілдерден емін-еркін аудара білген және айна-қатесіз сауатты жаза да білген. Яғни қазақ тілін қоса есептегенде, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы - тоғыз тіл білген тұлға. Тағы бір артықшылығы – ол бала жасынан дін ілімін үйреніп, шариғат пен әдет-ғұрып ісінде өте білгір, аһлақ, фиһқ мәселесін терең түсінген, қасиетті кітап – Құран-Кәрімді толық оқыған және жатқа білетін, сонымен қатар оны мазмұнды баяндап, тәспірлей алатын үлкен қари болғандығы. Асылында, біздің Ғабдолғазиздей бабамыздың өмір жолынан алар тәліміміз – осы. Оқу үшін, білім мен ілім үшін қиян-кескі жолдардан өткен өмір соқпағы – кімге болса да үлгі-өнеге.

Сөз басында бүгінгі ел жастары үшін «Ғабдолғазиз кім еді?» деп сауал тастадық. Оның ғұмырнамасын түзіп шыққанда байқағаныңыздай, ол, ең алдымен, қазақтың ХХ ғасыр басындағы оқыған азаматы. Сосын, ағартушы-педагог, көсемсөзімен ұран тастаған публицист. Жер-жиһанды кезіп шыққан саяхатшы, тарихшы. Алаш ұранды идеяны дәріптеген қайраткер. Қазақтың азаттығы үшін күрескен саяси күрескер. Құқық, заң саласын жетік білген заңгер. Бірнеше тілде еркін сөйлеген полиглот. Міне, біздің ұлыстан шыққан маңдайы жарқыраған арыс осындай болатын.

Ғабдолғазиз ұстазды жұрт танымайды. Саналы ғұмырында туған елі үшін орасан зор игілікті іс атқарған тұлғаны ұмытпайық дейміз. Десек те, оның құрметіне берілген не көше, не мектеп аты жоқ екенін білгенде, руханиятымызға бей-жай қарайтын салғырттығымыз, өткенді ұлықтай алмайтын енжарлығымыз еске түсіп, өз-өзімнен қысылып, ұяламын. Ақиқатында, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы – елді ұялтатын емес, керісінше, қазақ халқының ортақ  мақтанышы боларлық үлкен тарихи тұлға!

Ғабдолғазиз Мұсағалиұлын тану, зерттеу мәселесі туралы бірер сөз айта кетсек, тұлға хақында әр жылдары академик С. Зиманов, профессор С.Өзбекұлы, доцент Д. Сүлейменова, зерттеушілер – М. Тәж-Мұрат, Қ.Құттымұратұлы, Л. Жексенова, Ж. Хамидолла, т. с. санаулы мамандар ғана жазған. Қайраткердің жеке шығармалар жинағы жарыққа шыққан емес (Жуырда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қайраткер арыстың  бар жазған мұрасын жиып, теріп, бір кітапқа тоғыстырып, алғашқы шығармалар жинағын құрастырып, даярлап, баспаға өткіздік – Е. Т.). Оның өмір жолы, қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени, ағартушылық қызметі ғылыми айналымға түспеген. Ғабдолғазиздей сан қырлы тұлға туралы деректі фильм түсірілмеген немесе ғылыми-зерттеу сипатындағы еңбек жазылмаған. Бір сөзбен айтқанда, өмір жолы ғибрат-тағылымға толы Ғабдолғазиз мұрасы – өз зерттеушісін күтіп тұрған аса ауқымды һәм өте маңызды тақырып. Ғабдолды тану арқылы еліміздің рухани құндылығы еселене түсер еді.

Біз біртуар ер жайлы білгенімізді оқырман талқысына, көптің назарына ұсындық. Енді Ғабдолғазиз ғұмырнамасы мен рухани мұрасы туралы аға толқын өкілдері мен замандастарымыз білгендері мен көңілге түйгендерін ортаға салып, рухани-тарихи тұрғыдан тәлім-тағылымы мол әңгіменің көрігін қыздырса дейміз...

Елдос Тоқтарбай,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты,

Анкара шаһары, Түркия

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале