Өткен бейсенбіде Орал қаласындағы Достық үйінде «БҚО бойынша Ауған соғысының мүгедек-ардагерлер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Анатолий Боровскийге арналған кездесу өтті.
Іс-шарада қазақ және орыс тілдерінде А.Боровскийдің өмір жолы туралы мәліметтер келтірілді. Анатолий Боровский 1946 жылы Украинаның Винница облысында дүниеге келген. Кеңес одағы компартиясының шақыруымен әке-шешесі елімізге тың игеруге келген. Ол балалық шағында Орал қаласындағы №5 орта мектепте оқыды. Оны бітірген соң Орал музыкалық училищесіне оқуға түсті. Осындағы вокал бөлімінде бір жыл оқып, Кеңес Қарулы күштерінің қатарына шақырылды. Азаматтық борышын өтеп келген соң өмірін әскери қызметпен байланыстырып, 1966 жылы әскери училищеге түсті. 1970 жылы Ташкент жоғары жалпы әскери командалық училищесін лейтенант шенінде бітіреді. Кейінгі барлық әскери қызметі Карпат әскери округінде өтті. Анатолий Боровский алғашқылардың бірі болып, Кеңес одағының Ауғанстанға енгізген шектеулі әскерлер контингентінің қатарында қызмет етті. Ауғанстанға кеңес әскерлерін енгізу КСРО-ның оңтүстік шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды сипатқа ие болды. Кеңес әскерін енгізу халықаралық-құқықтық нормалар шеңберінде бітімгершілік миссиясын орындады.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Астана қаласында Анатолий Владимирович Боровскийге «Құрмет» ордені табыс етілді. Еліміздің өскелең ұрпағын әскери-патриоттық рухқа тәрбиелеу оның өмірінің мәніне айналды. Ол БҚО Қазақстан халқы ассамблеясымен мемлекетіміздегі бірлік пен келісімді сақтау бағытында оқушылар, жастар және студенттермен бірлесіп, тығыз жұмыстар атқаруда, – деді кездесуді ашқан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Медхат Қамбетов.
Жиында Орал қаласындағы РФ Бас консулдығының вице-консулы Хаджимурат Атмурзаев ардагердің адамгершілігі мол, таза жан екенін, облыс бойынша өтетін барлық іс-шараларда далалық әскери камуфляжын шешпей, қызу жұмыстың басы-қасында жүретін нағыз әскери адамға тән мінез-құлқын залда отырған жастарға үлгі етті. Бұдан кейін «Информ биржа» газетінің тілшісі Евгений Чуриков кеш иесін жоғары марапатымен құттықтап, кезінде өзінің Анатолий Боровский туралы үнемі, үзбей қалам толғағанын, оның жастар арасында өткізілетін іс-шараларға, әскери-патриоттық бағытта ұйымдастырылатын көрмеге, бұқаралық-ақпарат құралдарына сұхбат беруге жиі қатысатынын ризашылықпен баян етті.
– Анатолий Владимирович жас ұрпаққа отаншылдық, елжандылық тәрбие беру мақсатында әскери комиссариаттармен, қорғаныс министрлігінің қарулы күштері, министрлік резервінің әскери қызметшілер үшін мамандар даярлау жөніндегі әскери-техникалық мектеппен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті әскери кафедрасының студенттерімен жиі байланыста. Ол – әрдайым ізденісте жүретін жан. Оның қатысуымен және Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің қолдауымен «Даңқ» монументі салынды. Анатолий Владимирович «Бей-
бітшілік пен келісім – нәзік әйнек секілді. Оны барлық қиындықтан қорғау керек» деген сөзді үнемі айтатын, нағыз туған жерінің патриоты, – деді БҚО «Орал-Жайық казактарының одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вячеслав Солодилов өз сөзінде.
Подполковник Боровскийді, сондай-ақ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауған соғысының мүгедек-ардагерлер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркінғали Ғабделов құттықтап, оның Кеңес Одағының Батыры, Ресейдің Қаһарманы, жерлесіміз Қайыркелді Майдановқа ескерткіш тұрғызуға, ол туралы көптеген естелік кітаптар, буклеттер шығаруға дәнекер болғанын баяндады. Ол бір топ ауған соғысы ардагерлерімен композитор Александр Новиковтың «Эх, дороги» және әнші-композитор Михаил Муромовтың «Брат» әндерін гитарамен қосыла шырқады. Сонымен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айбар Хайырханов ардагердің құрметіне композитор Микаэл Таривердиевтің «Көктемнің он жеті сәті» телефильмінде айтылатын «Песня о далеком Родине» және Анатолийдің сүйіп тыңдайтын Абайдың «Көзімнің қарасы» әндерін шырқап берді.
– Анатолий Боровскийді біраз жылдан бері білемін. Ол әскери интернационалистік борышын қалтқысыз өтеген ержүрек сардар, әскери саяси қызметкер. Анатолий Владимировичті біздің облыста және одан тыс жерлерде де көптеген адам біледі. Жасөспірімдер және жастар подполковник Боровскийдің Ауғанстандағы соғысқа қатысты естеліктері мен әскери-патриоттық мазмұндағы әңгімелерін ұйып тыңдайды. Ол ауған еліне ерікті түрде аттанып, нағыз ерге лайық батырлық, қайсарлық үлгісін көрсетті. Өзінен жасы кішілерді Анатолий Борисович қазақтың «Айналайын» деген керемет сөзімен-ақ баурап алады. Анатолий ағайдай шуақты жандар жүрген жерін және тұтастай өмірді нұрландыра түседі, – деді жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин.
Іс-шара соңында Анатолий Боровский осы кездесуді ұйымдастырушыларға алғыс айтып, «Құрмет» ордені тек өзіне емес, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан барша батысқазақстандықтарға көрсетілген құрмет деп қабылдайтындығын айтты.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz