11.11.2022, 11:17
Оқылды: 68

Сайлауға белсенді қатысайық!

Шыңғырлау ауданы бойынша 20 қараша күні өтетін маңызды саяси науқанда 8680 адамның дауыс беру құқығы бар. Ауданда 19 сайлау учаскесі бар, онда 101 учаскелік және 7 аумақтық сайлау комиссия мүшелері аудан көлемінде сайлау жұмыстарын  ұйымдастыруға атсалысады. Дауыс берушілердің басым көпшілігі аудан орталығында орналасқан, сондықтан 5315 сайлаушыға 5 сайлау учаскесі қызмет етеді.

9

- «Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысуын сұраймыз. Сайлаушылар сол арқылы өзінің ел болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдейді. Азаматтар дауыс беру құқығын заңға сәйкес толық пайдалана алады. Бүгінде барлық сайлау учаскелері сайлау жұмысына дайын деп айтуға болады, дауыс беруші тұлғаларға сайлауға қатысуға шақыру таратылып жатыр. Сайлау учаскелерінде дауыс беру таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады. Дегенмен сайлау күні кей сайлаушылардың тұрғылықты мекен жайында бола алмайтындары анықталып жатса, сайлау комиссияларына ескерту сұралады», – деді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев.

Сайлау күні №425 Привокзал сайлау учаскесі мен №426 Шыңғырлау сайлау учаскесінде интернет сервис ұйымдастырылады. Интернет сервис арқылы әр адам сайлауға қатысты сұрақтарына жауап ала алады, сонымен қатар, басқа өңірден келген азаматтар болса, сайлау мәселесі бойынша осы сервиске жүгінулеріне болады екен. Аудан бойынша сайлауға қатысты сұрақтарына CALL орталығының 33-445 телефоны арқылы жауап беріледі.

Жалпы, сайлаудың ерекшелігі жөнінде де айтпай кетуге болмас. Енді мемлекетіміздің Президенті 7 жылға бір рет қана сайланады. Қазіргі таңда орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті сайлауына қатысатын 6 үміткерді мақұлдады. Үгіт-насихат жұмыстары 21 қазан күні сағат 18:00-ден басталып, 18 қараша күні сағат 24:00-ге дейін жалғасады. 19 қараша тыныштық күні, 20 қараша сайлау өтеді.

- Мен сайлауға алғаш рет қатысқалы отырмын. Осы елдің, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу ниетімен және зор сеніммен алдағы өтетін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына ерекше көңіл бөлемін. Әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауымыз керек. Сайлауға қатысу арқылы Президентті ғана таңдап қоймаймыз, бұл біздің келісті келешегімізге жасаған нақты қадамымыз болып есептеледі. Сондықтан саяси маңызы зор шараға қатысып, лайықты таңдау жасау әрбір адамның құқығы әрі парызы деп білемін, - дейді Назерке Марленқызы.

Алдымызда тұрған үлкен саяси науқанқа әр қазақстандық азамат бей-жәй қарамай, өзінің таңдауын жасау арқылы мемлекеттің алға басуына өз үлесін қоспақ. 20 қараша күні өтетін сайлауға белсенді қатысайық. Жаңа Қазақстанның болашағы Сіз бен біздің қолымызда.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале