13.11.2022, 0:28
Оқылды: 72

Жәрмеңкеден жылқы ұтты

Жыл басынан бері Сырым ауданының орталығы Жымпитыда 28 мәрте ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 23 млн. теңгенің тауары сатылған. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Қайрат Әбсатыровтың айтуынша, Жымпиты жәрмеңкесі еңбекші халықтың берекелі мерекесіне айналып кетті.

image-12-11-22-09-25
Шынымен де, жәрмеңкені сауда - саттық шарасы деп емес, өркениеттің бөлігі деп санау керек. ​ Сауда айналымының өсуіне, айырбас көлемінің артуына ықпал етіп қоймай, жәрмеңкелер өнердің өрістеуіне, діннің қанат жаюына да себеп болды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы мешіт әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің дәуренінде тұрғызылған.​

image-12-11-22-09-25-4
Бүгін Сырым ауданы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі 2022 жылдағы маусымын қорытындылады. Сауда қатарларының ортасындағы сахнада Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов сөз сөйлеп, малдың соңында, шабындық, егістік, бақша басында еңбек етіп, өнімдерін тиімді бағамен саттыққа шығарған шаруаларға, жәрмеңкеге халықтық сипат берген жерлестеріне алғыс айтты. Белсенділерді марапаттады.

image-12-11-22-09-25-8
Әрі қарай думан жалғасты. Ет, сүт өнімдерін саудалаған жұрттың дабыры, кәуаптың иісі, сахнадан шырқалған ән мен күйдің үні астасып, Жымпиты аспанына берекенің өрнегін салып жатты.

Ерекше күткен сәт- лоторея. "Сатып алған билетімнен не олжа шығады?" - деп елеңдеген елдің көңіліне орай, Жымпиты жәрмеңкесі көл - көсір сыйлық үлестірді. Біреу жұмыртқа, біреу күрек ұтып алса, біреу малына 1 қап бидайды тегін алды. Шағырлой ауылының тұрғыны Зварзат Жасыбекова бас жүлде - жылқы ұтып алды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы.

 Суреттерді түсірген: Айман Өтеғалиева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале