Истикляль жаяу жүргіншілер көшесінде орын алған жарылыстың неден шыққаны әлі анықталған жоқ. Хабарламаны алғаннан кейін төтенше жағдай аймағына көптеген өрт сөндірушілер, полиция мен медициналық топтар жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Жарылыстан кейін полиция Истикляль көшесіндегі тұрғындарды эвакуациялады, осы маңдағы Таксим мешіті де жабылды. Тікұшақ әуе қауіпсіздігін тексеріп жатыр.
Ыстамбұл губернаторы Йерликая бұған дейін 4 адам қаза тауып, 38 адам жараланғанын хабарлаған болатын. Ал қазіргі кезде жарылыстан қаза тапқандар саны 6-ға жетіп, 53 адам жараланғаны анықталды.
Ыстамбұл бас прокуратурасы жарылысқа қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Жарылысқа қатысты барлық бейне және аудио жаңалықтарды таратуға тыйым салынды.
Алынған мәлімет бойынша, Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мен Әділет министрі Бекир Боздаг Стамбулға кеткені белгілі болды.