Орал қаласындағы Ардагерлер үйінде ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты қалада тұратын ардагерлер бас қосты. Жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Мақсот Берген биыл 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауының еліміз үшін өте маңызды екенін айтты.
- Президенттікке лайық кандидатураны таңдау – әркімнің өз қалауы. Біз кейде «Сайлау менің қатысуымсыз да өтеді» деген қасаң қағиданы бетке ұстап, өз учаскемізге бармай қаламыз. Сондықтан облыстың барлық тұрғынын сайлауға қатысуға шақырамын. Сайланған Президент 7 жыл ішінде көп жұмыс тындыра алады, – деді Мақсот Қабышұлы.
Басқосуда БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов ардагерлердің сайлауға қатысуының маңыздылығын, биыл маусымда өткен республикалық референдумда заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды халықтың қолдап, жақтайтынын айтты. Еңбек ардагері Хайролла Сабиров Президенттікке үміткерлердің арасында көпшілікке белгісіз адамдардың бар екенін, мемлекетті басқаратын тұлғаның жан-жақты болуы қажеттігін баян етті.
Қазір ішкі және сыртқы саясат күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан алдымыздағы үлкен саяси мәні бар науқанға бәріміз жұмыла атсалысуымыз керек. Болашақ жас жеткіншектердің тыныш өмірі мен елдегі тұрақтылық үшін дауыс береміз, – деді ардагер Асқар Атаев.
Жиында бұдан басқа қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, оның орынбасары Ольга Исаева алдағы сайлауға сенетінін, бұл жай ғана Президентті таңдау емес, жалпы еліміздің халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саясатының бағыттарын айқындауға бағдарлы саяси қадам екенін, реформа жолы қашанда жеңіл болмағанын, елдің жаңа тарихи кезеңге бағыт алғанын, сондықтан мемлекет үшін маңызы зор саяси науқанға ардагерлер үлкен жауапкершілікпен қарайтынын мәлімдеді.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz