17.11.2022, 11:30
Оқылды: 17

«Барлығыңызды сайлауда күтеміз»

Кеше білім саласындағы реформалар, сайлаудың маңыздылығы аясында ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры Бекболат Шакешов пен Орал қалалық «Назарбаев зияткерлік мектебінің» директоры Айдарбек Айтпукешев Жәнібек ауданы орталығына келіп, халықпен кездесті.

IMG-20221117-WA0010

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова қонақтарды қарсы алып, олар алдымен аудандық білім беру бөлімінде әдіскерлер, мектеп директорлары және олардың орынбасарларымен кездесті. Дөңгелек үстелде Бекболат Теміржанұлы білім саласындағы реформалар, жалпы ол реформалардың Жолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстары хақында айтып өтсе, дарынды, қабілетті балаларды көтеру, олардың интеллектуалдық мектепте оқыту үшін жағдай жасау қажеттілігі турасында Айдарбек Төлепұлы баяндады. Сонымен қатар ол мүғалімдердің біліктілігін арттыру, шыңдау, жетілдіру мақсатында «Назарбаев зияткерлік мектебінің» озық мұғалімдерімен келіп семинарлар өткізу, жалпы ауданның білім сапасын арттыру, озық ұстаз, озық оқушы мүмкіндігін көтеру керектігін жеткізді.

IMG-20221117-WA0012

Содан соң ақпараттық-түсіндіру топ Күйгенкөл, Ұзынкөл ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесті.

IMG-20221117-WA0011

Бұнда Айдарбек Айтпукешев: «Саяси реформалардың дұрыс әрі сапалы болуы ол халықтың президентті дұрыс сайлап таңдауы болып табылады. Өздеріңіз білесіз, 2019 жылы бұрынғы президент өз қызметін тапсырды. Ал бұл сайлауда елдің болашақ басшысы халықтың дұрыс сенімін алу керек. Ұстаз ретінде мені ұлттың болашағы мазалайды. Шындығына келетін болсақ, қазіргі таңда оқыту бағдарламасының қиындап бара жатқандығы, балалардың оқуға деген жеңіл-желпі қарауы, ұстаздардың, өкінішке орай сол білімді берудегі сапалы қызметінің жоқтығы қынжылтады. Нәтижесінде, осының барлығының жемісін жинаймыз. Егер де бұған дейінгі белгілі бір үрдіс қалыптасып, білім беруде сапалы білім беруге бағытталған бір із болған болса, сол ізден айнып кетіп, басқа бір жаққа бара жатқандай сезім бар. Тәрбиенің барлығы отбасынан басталады. Елімізде талантты, дарынды бала көп. Ауылдардан да дарынды балалар шығып жатыр. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Барлығыңызды сайлауда күтеміз», - деді.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале