Канадалық коньки шебері Максим Лоунға ғана есе жіберген Абзал 500 метр межені 41:054 секундта жүріп өтіп, кореялық қарсыласы, Ванкувер олимпиадасының екі мәрте чемпионы Жун Су Лиден 296 миллисекундқа озып кетті. Абзал қай уақытта да кіндік қаны тамған атакіндігі - Сырым ауданының амандығын білуге уақыт тауып, елдегі жаңалықтарға елеңдеп отырады. Міне, мұхиттың арғы жағында, АҚШ - та жүрсе де мерзімді баспасөз беттеріне жазылу науқанында туған жерінің төл газеті "Сырым елін" қолдаймын деп шешіпті. Абзал Әжіғалиев газет редакциясының онлайн жазылу қызметін пайдаланып, күні кеше облыстық шағын футбол жарысында топ жарып, республикалық жарысқа жолдама алған Қ.Мырзалиев атындағы мектептің футбол құрамасының 10 мүшесін "Сырым еліне" жаздырды.
- Жас футболшылардың жеңісі үшін қуаныштымын. Жаттығу залында төккен тер жарыс алаңында көмектеседі. Спортшы елін сүйсе, түбі жеңіске жетеді. Болашақта Жымпитыдан әлем футболының жұлдызы шығарына сенемін, - деп сәлем жолдады сапардан келе жатқан Абзал.
Допты аяқ басында ойнатқан жігіттерге чемпион ағаларының жолын берсін!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz