Шыңғырлау ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова бүгін шыңғырлаулық спортшы қыз Оксана Рудьты арнайы қабылдап, спорттағы жетістігі үшін алғысхат табыс етті.
Бұған негізгі себеп, жақында Алматы қаласында 18-23 жас ерекшелігі бойынша Президенттік көпсайыстан пневматикалық винтовка атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Әр облыстан келген 14 споршы бақ сынасқан бұл жарыста біздің шыңғырлаулық Оксана Рудь I орынға қол жеткізді. Оксана бұған дейін Президенттік көпсайыстан және жеңіл атлетикадан бірнеше дүркін облыс чемпионы, жүлдегері болғанын білеміз. Енді, міне, Президенттік көпсайыстан пневматикалық винтовка атудан Қазақстан Республикасының чемпионы ретінде жеңімпаз атанды.
Спортты жанына серік еткен қыз қазіргі таңда «Шыңғырлау» спорт клубында нұсқаушы-спортшы болып қызмет атқарып келеді.
Спортшының алдағы мақсаты көп, айта кетсек, 2023 жылдың қаңтар айында өтетін Қысқы Президенттік көпсайыстан БҚО чемпионатына қатыспақ. Тек қана жарысқа қатысу емес, үлкен меже, биікке қол жеткізуді армандайды. Сонымен қатар, оның бойында спортқа деген зор құлшыныс пен күш, биікке талпындырған ынта-жігер де жеткілікті.
Аудан әкімі Әлия Биғазықызы Оксанаға зор денсаулық тілеп, спортта тек қана биік шыңдардан көрейік деді.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz