21.11.2022, 9:00
Оқылды: 60

Ботаникалық бақта серуендейтін боламыз

Орал қаласында ботаникалық бақ салынып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені бой көтермек. Соған орай кеше облыс әкім Ғали Есқалиев пен «Freedom Finance» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды. 

28

– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында «Freedom» компаниялар тобы облысымызға өтеусіз қаржылық қолдау көрсетпек. Соған орай бүгін меморандумға қол қойылады. Орал қаласында екі әлеуметтік жоба жүзеге аспақ. Оның біріншісі, ботаникалық бақтың құрылысы болса, екіншісі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені. Осы орайда «Freedom Finance» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Русланұлына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Батыс Қазақстан облысына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Аталмыш жобалар Орал қаласының экологиялық жағдайын жақсартып, жасыл желекті молайтуға және мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға арналған спорттық инфрақұрылымды дамытуға зор үлес қосатынына сенімдімін, – деді жиынның ашылуында сөйлеген облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сосын жас кәсіпкер, «URALSK RUNNERS» қозғалысының жетекшісі Асхат Ра­мазанов меморандумға қол қойылғалы тұрған қос жобамен таныстырды.

Ботаникалық бақ Орал қаласындағы М. Шолохов және Х. Есенжанов көшелерінің қиылысындағы аумақта орналаспақ. Бақтың аумағы 13 гектар болады. Онда өсімдіктердің түр-түрі өсіріліп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Нақтырақ айтсақ, бұл аумақта дәрілік шөптер бағы, этникалық сипаттағы гүлдер, гүлзарлар (цветочные клумбы), жұпаргүл (сирень) аллеясы, жылыжай, су өсімдіктері бар тоғандар орналасады. Шығыстық үлгіде шағын үйшіктер салынып, тұрғындардың тізе бүгіп, тынығу аймағы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ мектеп оқушыларына ботаникалық, биологиялық, экологиялық, өлкетану бағытында үйірме жұмысы да ұйымдастырылмақ. Жоба 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ.

Екінші жоба – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені.  Асхат Рамазановтың айтуынша, облысымызда 24 мыңға жуық мүгедек жан (2 866-сы – жасөспірім) бар көрінеді. Оның 13 мыңы Орал қаласында тұрады.
Ерекше қажеттіліктері бар жандарды спортқа баулу мақсатында жаңа кешен шаһардағы Т. Масин көшесі 65/1 мекенжайында бой көтермек. Онда голбол, бочча, отырып ойнайтын волейбол, бадминтон, арбада билеу секілді спорт үйірмелері болады.

– Бүгінде елімізде шешімін таппай жүрген әлеуметтік мәселелер бар.  Мемлекет бұл бағытта қыруар қаржы бөліп, ауқымды жұмыстар атқаруда. Оған қоса біз де, яғни бизнес өкілдері халық алдында әлеуметтік жауапкершілікті сезінеміз. Батыс Қазақстан облысының әкімімен танысқанда керемет бастамалары бар екенін білдім. Жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету – кәсіпкерлер үшін де маңызды. Бізге ұсынған жобалардың тиянақты пысықталып, жергілікті кәсіпкерлер мен өңір басшысының көңілінен шыққаны қуантады. Егер біз мүмкіндіктерімізді бір арнаға тоғыстырсақ, балаларымыз армандайтын ел қалыптастырамыз және туған өңірімізде лайықты өмір сүреміз, – деді «Freedom Finance» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур  Турлов.

Жиын соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев пен «Freedom Finance» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов меморандумға қол қойды. Қос жобаның құны – 1 млрд 900 млн теңге.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале