Қарашаның 4-інде MÁNSHÚK MÁMETOVA. 100 JYL коллекциялық мәнеті айналымға шықты. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш мәнет «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» мәнеттер сериясынан шығарылды. Мәнеттің номиналдық құны – 100 теңге. Мәнеттердің сатылымға түсетін күніне қатысты ақпарат ҚҰБ-ның ресми сайтында қосымша жарияланады.
Мәнет Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай шығарылды. Мәнет бет жағының (аверсінің) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, оның сол жағы мен оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген. Айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деп жазылған. Төменгі бөлігінде мәнеттің номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуы бар. Сырт жағының (реверсінің) орталық бөлігінде Мәншүктің мүсіндік портреті, оның сол жағында КСРО Батырының Алтын жұлдыз, туған жылы мен мерейтойлық күнді білдіретін «1922» және «2022» деген жазулар бар. Оң жағында Мәншүк Мәметова ерлік жасап, қаза болған Невель қаласының картасы мен жазуының стильдендірілген бейнесі берілген. Мәнеттің жоғарғы бөлігінде «Кеңес Одағының Батыры» деген жоғары мемлекеттік марапатқа ұсыну анықтамасының айшықты мәтіні басылған. Коллекциялық мәнеттер brilliant uncirculated сапасында мельхиор қоспасынан тұрады. Массасы – 15 грамм, таралымы – 15 000 дана. Қазақстанның теңге сарайында жасалған коллекциялық мәнеттер төлем құралы ретінде ел аумағында, барлық банкте аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылданады.
Қазақстан Ұлттық банкі