Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев Қазақстанда көкөніс бағасына қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Көкөністің жағдайы тұрақты. Дүкенге барып бағаларын көріңіздер, картоп 130-140 теңге тұрады. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Биыл көкөністі 4,2 миллион тоннадан 4,9 миллион тоннаға дейін өсірдік. Біз картопқа, сәбізге, қырыққабатқа деген сұранысымызды толығымен өтедік", - деді Қарашүкеев.
Сондай-ақ, ол қияр мен қызанақтың қымбаттауына қатысты пікір білдірді.
"Қияр мен қызанақтың бағасына келетін болсақ, бұл жыл сайын болатын үрдіс, бірінші жыл емес. Қазан-қарашада екеуінің де маусымы аяқталатындықтан, жылыжайларда өсіріле бастайды. Ол жаздағыға қарағанда қымбатырақ болады", - деп қосты министр.
Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының айтуынша, ведомствоның басты жоспары елдегі жылыжай көлемін ұлғайту.
"Бұл жердегі ең басты мақсат - өндіріс көлемін ұлғайту. Ол үшін барлық қажетті шаралар қарастырылып жатыр", - деп түсіндірді министр.
Ербол Қарашүкеевке Қазақстанда қыс мезгіліне көкөніс жеткілікті ме деген сұрақ қойылды.
"Әрине, бізде шамамен 4 миллион тонна картоп бар, оның 2 миллион тоннасын ұйымдасқан шаруа қожалықтары, жартысын жеке шаруа қожалықтары қамтамасыз етті. Ауылдардың жартысы өзін-өзі қамтамасыз етіп жатыр", - деп түйіндеді Қарашүкеев.