Бүгін Жымпитыда Сырым Датұлының 280 жылдығына, Ж.Досмұхамедовтың 135 жылдығына және Балалар жылына орай волейболдан «Шұбар доп» мектеп лигасының аудандық кезеңі өтті.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев құттықтау сөз сөйлеп, жас волейболшыларға жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі.
Волейболдан 13 ұлдар командасы аудан орталығындағы Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде, қыздардан құралған 11 команда Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп базасында өзара сынға түсті.
Ойын қызу әрі тартысты өтті. Әрбір команда ұйымшылдықпен әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас командалар волейбол сеткасына ұпай салумен болды.
Қарсылас шақ келтірмей ойсырата жеңген командалар да болды.
Залға жиналған жас жанкүйерлердің де қолдауы ерекше болғанын айта кеткен жөн.
Мектеп лигасының нәтижесінде, ұлдар арасында ІІІ орынды жосалылық А.Жұмағалиев атындағы мектебі, ІІ орынды Қособа мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің командасы қанағат тұтса, айқын басымдықпен І орынды бұлдыртылық жас шұбар допшылар иеленді.
Ал, нәзік жандылар арасында ІІІ орыннан Жамбыл негізгі мектебі, ІІ орыннан Қособа мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің командасы көрінсе, І орынға Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің командасы лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен белсенді ойыншыларға Сырым аудандық білім беру бөлімінің атынан бөлім әдіскері Қуаныш Раймов диплом мен алғысхаттар табыс етті.
Айжан Амангелдина,