Бүгіннен бастап Қытаймен шекарадағы «Достық» автомобиль өткізу пунктінде электронды кезек жүйесі іске қосылады. Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қытаймен шекарада «Достық» автомобиль өткізу пунктінде электронды кезектің автоматтандырылған жүйесін пилоттық іске қосу жоспарланып отыр. Ол үшін мемлекеттік органдар Қазақстаннан шыққан кезде автомобиль көлік құралдарын өткізуді ұйымдастырудың уақытша схемасын бекітті. Ағымдағы жылдың 23 қарашасынан бастап мұнда «Qoldau.kz» платформасының немесе «Сargoruqsat» мобильді қосымшасының автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі пайдаланылатын болады», - деп атап өтті ол.
Оның мәлімдеуінше, электронды кезек жүйесін құрудың мақсаты – көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру және бұл процестің ашықтығын қамтамасыз ету.
«Бағдарламаны қолдану өте оңай. Мәселен, жүргізуші портал немесе мобильді қосымшаға тіркеліп, кейін жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Артынша оған өз кезегі туралы SMS-хабарлама жолданады», - дейді Бақытжан Слямов.
Комитет дерегінше, аталған ілкі жобаның қорытындысы негізінде мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша электронды кезек жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.