Астанадағы "ҚаҺарман" тұрғын үй кешеніндегі өрттің шығу себебі аталды.
Елорданың Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың 16 қарашасында "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде тұтанған өрттің шығу себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеп соқтырған ұзартқыш желісіндегі ақаулықтың болуы.
Департаменттегілер биыл елорда аумағында 682 өрт тіркелгенін, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болғанын атап өтті.
“Әдетте, өрттің себептері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамау болып табылады. Астана қаласының ТЖД электр желілерін, розеткаларды ақаусыз күйде ұстауға, желілік сүзгілерді және басқа да электр құралдарын жарамсыз күйде пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударуды ұсынады. Осыған байланысты, тұрғындарға өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін саналы жауапкершілік көрсетуді ұсынамыз”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде адамдардың өмірін құтқару үшін өз басын қатерге тіккен өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды. Ол өртке оранған пәтерге жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы аман алып қалған.
ulysmedia.kz