«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин Қазақстанға қай елдің АЭС реакторын орнатқанда өзіміздің уранды отын ретінде пайдалануға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздің шығысындағы ҮМЗ зауытында уран ұнтақтары мен таблеткаларын өндіру тәжірибесі бар. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап біз ядролық реакторға жүктелетін ядролық отынның соңғы түрі саналатын жылу шығаратын қондырғыларды өндіруді бастадық және бұл жылу шығаратын қондырғыларды (ядролық отын) Қытайдағы атом электр станцияларына жеткіземіз. Егер қытайлық CNNC компаниясы таңдалған жағдайда, өзіміздің ядролық отынды пайдалануға беру мәселесін қарастыруға болатыны анық», - деп жазады Тимур Жәнтікин ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында.
Ал кореялықтар реактор жобасымен бірген оған қажетті отын өндіру технологиясын да беруге дайын көрінеді.
«Ядролық-энергетикалық технологияларды жеткізушіні таңдау кезінде Фукусимадан кейінгі талаптарды ескере отырып, яғни шорт-парақта көрсетілген вендордлардың (KHNP, EDF, Росатом, CNNC) – станцияның қауіпсіздігі, эксплуатация және жаңа станцияларды салу тәжірибесі, кадрларды даярлау мүмкіндіктері, оқшаулау дәрежесі, нормативтік база және құжаттама даярлығы сияқты бірқатар негізгі көрсеткіштері қарастырылады. Осы қарастырылып отырған реакторлардың жұмыс істеп тұрған прототиптері бар немесе Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің «тексерілген технологиялар» анықтамасына сәйкес келетін, нарықта ұсынылған реакторлық технологиялар алынды. Сондай-ақ, қандай да бір вендорды таңдаған кезде АЭС-ті қазақстандық отынмен қамтамасыз ету және оған қызмет көрсету мәселесі бойынша талаптар қаралып жатыр. Мәселен, кореялық KHNP компаниясы ұсынып отырған реакторлардың құжаттар жинағында ядролық отын циклы бойынша технологияның ұсынысын беруге дайын екенін хабарлап отыр», - деп жазылған «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директорының жауабында.