29.11.2022, 12:30
Оқылды: 54

Сүйікті мамандық – өмірлік азық 

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің кадр дайындау бойынша 90 жылдық тəжірибесі бар. Жоғары білікті оқытушылар институционалды аккредиттеу жəне аккредиттелген білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Соның ішінде педагогика факультеті «Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасының профессор-оқытушылары болашақ тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдеріне түйген-білгенін айтып бағуда. «Мектепке дейінгі оқыту жəне тəрбиелеу», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен əдістемесі» бағдарламалары бойынша студенттерге сапалы білім беріп жатырмыз.  

dcb7731c-15f3-498e-8941-d3ead4c1e9a8

Кафедраның басты мақсаты – білім берудің жаңа мазмұны аясында алдыңғы қатарлы озық технологияларды меңгерген, білімін тәжірибе барысында қолдана алатын сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, білікті тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерін қалыптастыру. «Мектепке дейінгі оқыту жəне тəрбиелеу» білім беру бағдарламасын игерген маман мектепке дейінгі ұйымдарда тəрбиеші, педагогикалық колледждерде оқытушы, білім басқармасында бас маман ретінде және педагогикалық кадрлардың білімін жетілдіру институттарында мектепке дейінгі тəрбиелеу бойынша жұмыс жасай алады. Бейіндік пəндері – биология, география. Ал «Бастауышта оқыту педагогикасы мен əдістемесі» бағдарламасын тәмамдағандар бастауышта оқытудың педагогикасы мен əдістемесі бакалавры біліктілігін алады. Сонымен қатар бастауыш мектеп мұғалімі, мектеп директорының бастауыш сынып бойынша орынбасары, шағын жинақты мектепте қазақ тілі, математика, жаратылыстану, дүниетану, сурет, музыка пәнінің мұғалімі немесе мектепалды даярлық топ тəрбиешісі қызметін атқара алады. Бейіндік пəндері – биология, география.

8c09af76-1760-4fbf-8d4f-4f7b4a4d1b61

Қазіргі таңда кафедраның бірқатар түлегі магистратураға түсіп, білімін тереңдетуде. Кейінгі жылдары түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. 2020 жылы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген республикалық білім бағдарламалары рейтингінде «6В01301 Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім бағдарламасы І орынды, 2021 жылы «6В01201 Мектепке дейінгі және оқыту және тәрбиелеу» білім бағдарламасы ІІ орынды еншіледі.

69311b75-c57e-423c-948f-8344a645a51c

Тәжірибе арттыру мақсатында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелде оқығысы келетін студенттер көп. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде «500 ғалым» жобасының грантын кафедра оқытушысы, магистр Гүлмира Мухиева ұтып алып, алты ай Польшаның Быдгощ қаласындағы Ұлы Казимир университетінде тағылымдамадан өтті. 2022 жылы 25 ақпанда педагогика ғылымдарының кандидаты, кафедрамыздың аға оқытушысы Әлия Казетова «Қазіргі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту: тенденциялар, проблемалар, перспективалар» атауымен Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университетте өткен съезге барды. 15 наурызда педагогика ғылымдарының кандидаты, кафедрамыздың аға оқытушысы Іңкәр Хасанова Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында оздырылған «Бастауыш мектеп – Білім мен ғылымның бастауы» тақырыбындағы съезде әріптестерімен тәжірибе алмасты. Бұл іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен 300-ден астам бастауыш сынып мұғалімі қатысты. Сонымен қатар студенттеріміз республикалық олимпиадаларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Қоғамның дамуына үлес қосатын маман дайындап, оларды шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыру үшін ұжым тынымсыз еңбек етіп келеді. Кафедрадағы осы бір жоғары кәсіби бағыттағы үдеріс нақты нәтижесін беретініне сенемін.

Ләззат Маденова,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті  

«Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру» кафедрасының аға оқытушысы, магистр

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале