30.11.2022, 18:16
Оқылды: 154

Жеті университеттің бірі – БҚАТУ

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Студенттер табиғат үшін!» жобасы аясында «Құстар және оларға төнетін қауіптер» тақырыбында ашық дәріс өтті.

DDD3697C-B2BE-44CF-B8A5-38279BF441F7

«Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтында» өткен ашық дәрісті «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» ұйымдастырды. Дәрісте алдымен сөз алған институт директоры Біржан Нұрғалиев ашық дәрістің мақсатына тоқталып, келген қонақтармен таныстырды.

– Елімізге танымал «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы»  мен Жәңгір хан университеті бұған дейін де тығыз қарым-қатынаста. Бірнеше жыл бойы ақбөкендерді зерттеу жобасы бойынша ғалымдарымыз аталған бірлестікпен бірге жұмыстанған болатын. Бүгінгі тақырыпқа да біздің білім алушыларымыз бен ғалымдарымыз қызығушылық танытады деген ойдамын, - деді Біржан Елубайұлы.

Ашық дәрісті жетекші, ғылыми қызметкер Руслан Оразәлиев өткізді. Бағдарламаның үйлестірушісі Еңлік Қайырсынованың айтуынша, жоба білім алушыларды табиғатты сақтауға және қорғауға шақыруды көздейді.

Бірнеше кезеңнен тұратын жұмыстар ашық дәрістер оқудан басталуда. Нәтижесінде тақырыпқа қызығушылық танытқан белсенді студенттер үшін бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырып, тренингтер, далалық сапарлар ұйымдастыруға мүмкіндік бар, - деді бағдарлама үйлестірушісі.

Бұл жобаны өткізу үшін оқытатын мамандықтары мен ғылыми жетістіктеріне қарай жеті қазақстандық жоғары оқу орны таңдалған екен. Соның бірі – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ. «Табиғатты бірге сақтайық!» деген үндеумен бастау алған жоба бір жылға жалғасады деп жоспарланған.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале