Соңғы уақыттары Казталов ауданында 0-ден төмен ауа температурасы байқалуда. Бұл өз кезегінде жануарлар дүниесі мен құстар әлеміне өзінің қолайсыздығын тудырады. Мәселен, құстардың көл бетінде мұздап қалу деректері тіркеледі.
Кеше «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалының ғылыми ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Елена Жасқалиева және мемлекеттік инспекторлар Алик Нұржан, Тұрарбек Рахым, Мейрамбек Төлеуов Казталов ауылдық округі аумағында құстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейд жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде Қарасу тоғанында су бетінде қатып, суық ауа райына төтеп бере алмаған өлі аққу құсы мен тірі екі үлкен сұқсыр құсы анықталды. Мемлекеттік инспекторлар үлкен сұқсыр құстарын мұздақтан құтқарып, Сарыөзенге жіберді.
- Биология ғылымдарының кандидаттары Валерий Хроков, Сергей Скляренко әзірлеген «Қазақстан құстарының қысқаша анықтамасындағы» деректерге сүйенсек үлкен сұқсыр құсы дене мөлшері үйректей, салмағы 1 келіге дейін жететін су құсы, кей жерлерде сұқсыр үйрек (чомга) деп те атайды. Дене пішіні сымбатты. Құрсағы – ақ, арқасы – қоңыр, бүйірлері – қызғылттау. Ең басты белгісі – сәнді қызғылт жағасы мен «құлақтарының» болуы. Тұмсығы өте үшкір. Қазақстанда кең тараған. 3-5 жұмыртқа салады. Балық және су омыртқасыздарымен қоректенеді. Қыста Каспий теңізі мен Оңтүстік Қазақстанда кездеседі, - деді Елена Хамидоллақызы.
Мамандар үлкен сұқсыр құсының қыс мезгілінде ауданымызда кездесуі сирек кездесетін құбылыс екендігін атап өтті.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz