Қыз бала қай халықта болмасын әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің бейнесі болып табылады. Халқымыз «қыз қонақ» деп, төрінен орын беріп, оны алтынның сынығына балап өсірген. Қыз тәрбиесіне бүкіл ауыл, ел жауапты болған.
2019 жылы Дариян ауылдық, Дариян модельді ауылдық балалар және Озерное ауылдық кітапханалары жанынан құрылған «Сырғалым» қыз-келіншектер клубы да осы бағыттарда жұмысын жүргізіп келеді. Нақтылап айтқанда мұнда қыз-келіншектерді имандылыққа, ізгілікке, әдептілікке баулып, өнеріміз, тарихымыз, тіліміз дәріптеліп, психологиялық жағынан ақыл-кеңес беріледі. Уақыттарын босқа өткізбей, қазақтың салт-дәстүрін дәріптей отырып, өзінің қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін сезіне алатын қыз-келіншектерді қалыптастыру бағытында да әр түрлі шаралар ұйымдастыруда.
Клубтың құрамында 18-60 жасқа дейін қыз-келіншектерге WhatsApp мессенджерінде арнайы чат құрылып, оларға электронды кітаптар ұсынылып, түрлі ғибратты әңгімелер жіберіледі. Осыған орай Дариян ауылдық округі кітапханашыларының ұйымдастыруымен қолөнер шебері Әлия Исқазиевамен оқырмандар онлайн форматында кездесіп, себет тоқу жөнінде және де қонақ көрпе тігу жайында шеберлік сағаты өтті.
Одан соң клубтың белді мүшесі, ауылымыздың қолөнер шебері Эльвира Мухамбетова қолдан гүлді шаш қыстырғыштар (заколка) жасау бойынша шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ жас келін, жас кәсіпкер Анастасия Сарбалакова және жас кәсіпкер Данагүл Ишмұхамбетова, тілші, ақын, қолөнер шебері, фарфор бұйымдарын жасайтын Ольга Чекановамен де кездесу кештері ұйымдастырды.
Алдағы уақытта «Сырғалым» клубы адамгершілік қасиеті, интеллектуалдық-рухани деңгейі жоғары, ұлтжанды, өзінің қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін сезіне алатын қыз-келіншектермен кездесуді жоспарлап отыр. Олармен арада өмірдің мәні, қоғамдағы өзекті мәселелер, отбасы жайы, бала тәрбиесіне, қоғам алдындағы жауапкершілік жайы кеңінен сөз болмақшы. Бір сөзбен айтқанда «Сырғалымның» алдына қойып отырған мақсат-міндеті көп.
Динара Дауымова,
Дариян ауылы, Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz